Баянауылдық студент қазақы құмай тазы асыраумен айналысады

Баянауылдық студент қазақы құмай тазы асыраумен айналысады
Фото: Жанқозы Жұмат

Ол саятшылық өнерге бала кезінен қызығады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

21 жастағы баянауылдық Бекжан Омар жеті қазынаға кірген асыл тұқымды тазыларды ұстап, оларды баптаумен айналысып жүр. Студенттің айтуынша, ұлттық құндылығы бар дүниелер ұмытылмауы қажет және оны өскелең ұрпақ өз көзімен көруі аса маңызды.

- Мен бала кезімнен саятшылыққа құмар едім. Тазы ит ұстап, оны баптау және аңшылық маусымында аңға шығу ерекше сезім беретін. Уақыт өте, бұл тек хобби емес, қазақы құндылығы бар дүние екенін ұқтым. Құмай тазы тек бертін патенттелді, ресми түрде ұлттық брендке айналды. Алайда, оның таза қандылары тіркеуде аз екенін білеміз. Осы орайда, тазының сақталуына, ұлттық мұраның жоғалмауына себепкер боламын деп шештім, – дейді студент.

Бекжан Омар қазақтың салт-дәстүрінің қай түрі болмасын, бәрі сақталып, атадан балаға мирас болып келген құндылықтарымыздың жоғалмауы қазақтың өсіп-өнуіне тікелей себеп екенін айтады.

- Итбегілік, құсбегілік және атбегілік – тарихымыздың ажырамас бөлігі және оның өмірінде тазы асырау ерекше орын алатынын анық айтып, осы жолды әрі қарай жалғастыруға ниеттімін, - дейді ол.

Бекжан Омар тазыларын  аудан орталығының маңындағы аумақта жаттықтырады. Асыл тұқымды жануарды баптаудың қыр-сырын меңгеру үшін тәжірибесі мол аңшылардың кеңестеріне құлақ түреді. Болашақта ұлттық құндылықты дәріптеп, өзгеге үлгі болуды мақсат еткен.

Қазіргі уақытта Бекжан Торайғыров университетінде білім алуда. Болашақ мамандығы – сәулетші.

Жанқозы Жұмат