Биыл Павлодар облысындағы аудандарда бассейн құрылысы басталмайды
Бұған қаржы тапшылығы себеп, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының дене шынықтыру-көпшілік бөлімінің басшысы Әсел Қожанова мәлім етті.
– Спорт кешенінде ауыл тұрғындары баскетбол, волейбол, жеңіл атлетика, гандбол және аэробикамен шұғылданады. Сондай-ақ спорт залы мен бильярд ойнайтын жеке бөлме болады. Жалпы, жобаға балалар мен ересектерге арналған бассейн қосылды. Бассейн әзірге тек Баянауыл ауданында салынып жатыр,– дейді Әсел Қожанова.
Тендерді «ГИДРОПРОМ» ЖШС жеңіп алды. Алдағы жұмыстарға облыстық бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді. Спорт кешені 130 адамды қабылдай алады.
–Ақсу, Успен және Аққулы қалаларының жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Май ауданында да жобалық құжаттама дайын. Қаржы тапшылығына байланысты бұл нысандарды биыл салуды жоспарлап отырған жоқпыз, – дейді спикер.
Ақсу қаласында 1973 жылы салынған ескі бассейн бар. Өткен жылы жөндеуден өткен, бірақ жүріп-тұру мүмкіндігі шектеулі жандардың айналысуына жағдай жасалмаған. Жаңа жобада Ақсу әкімдігі аталмыш бассейндерді ұмытпаған.
Еске сала кетейік, облыс әкімі 2023 жылы әр аудан орталығында бассейн салу туралы ұсыныс жасаған еді.