Павлодарда кәсіпкерлер маркетинг саласында білімдерін жетілдірді

Павлодарда кәсіпкерлер маркетинг саласында білімдерін жетілдірді
Фото:pixabay.com

Консалтинг күніне шағын және орта бизнестің 140 өкілі қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz

Облыс орталығында «Сатылымдарды арттырудың тиімді құралдары» тақырыбында кәсіпкерлерге арналған консалтинг күні өтті. Аталмыш шараны облыстық кәсіпкерлікті дамыту басқармасының қолдауымен Еуропалық қайта құру және даму банкі ұйымдастырды. 

Кәсіпкерлерге арналған шеберлік сабақтарды Алматы мен Қарағанды қалаларынан келген бизнес-консультанттар өткізді. Сарапшылар B2B және B2C нарықтарында тауарлар мен қызметтерді жылжыту, адалдық бағдарламаларын енгізу және тиімді дистрибуция туралы әңгімелеп берді.

Айта кетейік, кәсіпкерлер өз бизнесіне консалтингтік қызметтер бағдарламасын пайдалана отырып, ЕҚДБ мен ҚР Ұлттық экономика министрлігі жүзеге асыратын бағдарламаны қолдау арқылы құралдарды енгізе алады. Бағдарлама кеңес беру жобаларын жүзеге асыруға гранттар беру арқылы шағын және орта кәсіпорындарды қолдайды. 2013 жылдан бастап Қазақстан бойынша 2000 кәсіпорынға жеке қолдау көрсетілді. Ал Павлодар облысында бағдарлама мүмкіндіктерін 45 компания пайдаланып үлгерді.

ЕҚДБ-ның жоба маманы Елена Абенова қазақстандық кәсіпорындардың бағдарламалық жобаларының көпшілігі маркетинг және сату салаларында жүзеге асырылатынын атап өтті. 

– Жыл сайын жобалардың шамамен 30 пайызы маркетингтік стратегияларды құру, сайттар әзірлеу және сатылымдар бөлімін ұйымдастыру сияқты салаларға қатысты,– деді ол. 

Павлодар облысының кәсіпкерлікті дамыту басқармасының деректері бойынша, қолдау Павлодар облысында кәсіпкерліктің дамуына оң әсер етеді. Айта кету керек шағын және орта кәсіпкерлік санының өсуі байқалады. Жыл басынан бері субъектілердің саны 54,9 мыңды құрады, бұл былтырғымен салыстырғанда 2 мыңға артық.