Жаз басталғалы Баянауыл ауданында ондаған құтқару жұмысы жүргізілді

Құтқару жұмыстары тәулік бойы ұйымдастырылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткізілген іс-шаралар барысында құтқарушылар қиын жағдайдан 24 адамды құтқара алды. Құтқарылғандардың алтауы қауіпті, жету қиын тау жоталарында болған.
Курорттық аймақ жазғы кезеңде мыңдаған туристі тартады.
– Төтенше жағдайларға жедел ден қою мақсатында 7 маусымнан бастап ауданның су айдындары мен туристік маршруттарында құтқарушылардың тәулік бойы кезекшілігі ұйымдастырылды. Сонымен қатар, судағы қауіпсіздік ережелерін бұзу фактілерінің алдын алу үшін департаменттің құтқарушылары күнделікті профилактикалық рейдтер жүргізеді, – деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.
Ведомство өңір тұрғындары мен қонақтарын демалыс кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.