«BILE BILE FEST»: Павлодардың дарынды би ұжымдары Ертіс жағасында өнер көрсетті
Фестивальге үздік бишілер іріктелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ertis Promenade алаңында «BILE BILE FEST» жастардың шығармашылық кеші өтті. Облыстың түкпір-түкпірінен келген би ұжымдары мен вокалдық орындаушылар өз өнерлерін ұсынып, көрермендерге заманауи бағдарлама тарту етті.

Жастар бастамаларын дамыту орталығы жанындағы волонтерлік орталықтың жетекшісі Томирис Бисеенованың айтуынша, шараның басты мақсаты – шығармашыл жастарды қолдау, жас өнерпаздарға үлкен сахнада бағын сынауға мүмкіндік беру және өңір таланттарын көпшілікке таныстыру.
– Біз үшін өз өңіріміздің талантты жастарын қолдау маңызды. Шығармашылық кешке 10-нан астам би ұжымы мен бірнеше вокалдық орындаушы қатысып жатыр. Бұдан бөлек, диджейлердің қатысуымен музыкалық бағдарлама ұйымдастырылды. Мұндай жобалар жастардың шығармашылығын дамытуға және олардың өнерін көпшілікке танытуға ықпал етеді, – деді ол.

Шығармашылық кешке қатысу үшін ұйымдастырушыларға 30-ға жуық өтінім келіп түскен. Үміткерлер жолдаған бейнежазбалар негізінде іріктеу жүргізіліп, нәтижесінде 19 нөмір таңдалды. Оның ішінде би ұжымдары мен бес вокалдық орындаушы өнер көрсетті. Қатысушылардың жасы 14 пен 35 жас аралығын қамтыды. Биылғы жобаға Павлодар қаласы, Ақсу және облыстың өзге де аудан-қалаларынан келген жастар қатысты.
– Шара барысында қатысушылар өз өнерін көрсетіп қана қоймай, көрермендермен бірге интерактивті ойындар мен би сайыстарына қатысты. Осындай жобалар облыстағы талантты жастарды кеңінен танытуға мүмкіндік береді, – деді жастар орталығының креативті жастармен жұмыс бөлімінің міндетін атқарушы Айша Хамзаева.

Көпшілік алдында алғаш рет өнер көрсеткендердің бірі – спорттық би мектебінің тәрбиеленушісі Дамира Вернер. Ол сегіз жылдан бері бимен айналысады. Бұл жолы команда көктемнен бері дайындалған Energy атты хип-хоп қойылымын ұсынып, акробатикалық элементтер мен күрделі қолдауларды орындады.
– Ertis Promenade сахнасында алғаш рет өнер көрсетіп тұрмын. Біз бұл қойылымға бірнеше ай дайындалдық. Көрерменге ерекше әсер қалдырып, бар мүмкіндігімізді көрсетуге тырысамыз, – деді қатысушы.

Ал Li Mashin Dance ұжымының мүшесі Кира Насырова мұндай жобалар өңірдегі заманауи би мәдениетінің дамуына серпін береді деп есептейді. Қатысушының айтуынша, ұжым бүгін екі қойылым дайындаған. Оның бірі бұрыннан репертуарда болса, екіншісі екі апта ішінде әзірленген.
– Біз би арқылы адамдарға жақсы көңіл күй мен қуат сыйлағымыз келеді. Осындай кештердің жиі ұйымдастырылғанын қалаймыз, өйткені олар жастардың өзін көрсетуіне және шығармашылық ортаның дамуына жол ашады, – деді ол.

Шара екі сағаттан астам уақытқа созылып, би қойылымдары, вокалдық нөмірлер және диджейлік бағдарламамен қорытындыланды. Көрермендер жергілікті жас таланттардың өнеріне қолдау білдіріп, кеш көтеріңкі көңіл күймен аяқталды.