Павлодар облысында мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау күшейтілді
Бұзушылықтар азаймай тұр, бірақ қалпына келтірілген құқықтардың саны өсуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңірде мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатындағы ведомствоаралық жұмыс тобының отырысы өтті. Жиында департаменттің жыл басынан бері атқарған жұмыстары, мемлекеттік қызмет көрсетудегі заңдылықтар, жиі қайталанатын бұзушылықтар мен оларды болдырмау жолдары жан-жақты талқыланды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі департаментінің бас маманы Расул Ахмеджан 2025 жылдың қаңтар айынан бастап департамент 123 қызмет алушының құқығын қалпына келтіргенін атап өтті.
– Барлығы 39 өтініш қаралды, оның 15-і расталып, азаматтардың құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді. Бұл – нақты расталған фактілер бойынша жүз пайыз орындалған көрсеткіш. Көп кездесетін бұзушылықтар: мерзімдердің бұзылуы және негізсіз бас тарту, – дейді ол.
Жүргізілген тексеру іс-шаралары мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты бірнеше жүйелі проблемаларды анықтады. Олардың ішінде қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылуы, қызмет көрсету тәртібінің сақталмауы, негізсіз немесе заңсыз бас тартулар, өтініштерді қараудағы бюрократиялық кешігулер бар.
Бұл жағдайлар азаматтардың құқықтарының бұзылуына ғана емес, мемлекеттік органдарға деген сенімнің де төмендеуіне әкелетіні аталып өтті.
– Қызмет алушылардың шағымдары көбіне жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жылжымайтын мүлікке қатысты қызметтер, архивтік анықтамалар салаларына қатысты, – деді Расул Ахмеджан.
Бұл бағыттарда бұзушылықтар жыл сайын қайталанып келеді, сондықтан ведомство жүйелі бақылауды күшейтуді жоспарлап отыр.
2025 жылғы бұзушылықтардың 85 пайызы – жергілікті атқарушы органдар тарапынан. 15 пайызы – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы.
Департаменттің араласуымен қалпына келтірілген құқықтардың бірнеше нақты мысалы келтірілді.
– Масақбаев Т. есімді азамат жер телімін жеке меншікке алу бойынша Павлодар қаласының жер қатынастары бөліміне жүгінген. Алайда, оған негізсіз бас тарту берілгені анықталды. Департаменттің тексеруі нәтижесінде шешімнің күші жойылды, лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, азаматқа жер телімін жеке меншікке беру туралы шешім қабылданды, – деді бас маман.
Тағы бір маңызды мысал – Павлодар облысының ауыл шаруашылығы басқармасына жүргізілген жоспарлы тексеру барысында анықталған бұзушылықтар.
Тексеру нәтижесінде субсидия беру мерзімдері өрескел бұзылғаны, бұл кәсіпкерлердің 767 миллион теңгеден астам субсидияны уақытында ала алмай қалуына әкелгені анықталды.
Департаменттің ұсынысы негізінде кәсіпкерлердің құқықтары қалпына келтірілді және барлық тиісті субсидиялар төленді.
Жыл басынан бері қабылданған шаралар нәтижесінде мемлекет кірісіне бір жарым миллионға жуық қаражат өндірілген.
Департамент қабылдаған шаралар азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бойынша оң нәтижелер беріп отыр. Алайда қызметкерлердің құқықтық сауаттылығы, біліктіліктің жеткіліксіздігі, қызмет көрсету мерзімін бақылаудың әлсіздігі сияқты жүйелі мәселелер әлі де өзекті.
Жиын қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға қызметкерлерді оқыту, ақпараттық ресурстарды жаңарту, қызмет көрсету сапасын бақылауды күшейту, бұзушылықтардың алдын алу шараларын жүйелі жүргізу бойынша нақты ұсынымдар берілді.