Ойыншық емес: Павлодарда самокатпен жүру мәдениеті қалыптасты ма?

Ойыншық емес: Павлодарда самокатпен жүру мәдениеті қалыптасты ма?
Фото: pixabay.com/dimitrisvetsikas1969

Сұраққа мамандар жауап берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар көшелерінде электросамокаттар алғаш рет 2023 жылдың наурыз айында пайда болды.

Jet компаниясының өңірдегі өкілі Олег Саяпиннің айтуынша, бүгінде самокаттар жол қозғалысының толыққанды қатысушысына айналды, ал жүргізу мәдениеті біртіндеп жақсарып келеді.

Бірнеше жыл бұрын ұрлық пен вандализм жағдайлары көп тіркелетін. Самокаттарды ұрлау, өртеу, өзенге тастау, тіпті, қала сыртына шығарып кететін оқиғалар болды. Содан бері біз қауіпсіздік пен ережелерді сақтау бағытында белсенді жұмыс жүргізіп келеміз. Қозғалыс мәдениетін әлеуметтік желілер, бейнероликтер, сондай-ақ промоутерлер мен полиция қызметкерлерінің көмегімен дамытып жатырмыз. Түрлі шаралар ұйымдастырамыз, жол ережелері жазылған парақшалар таратамыз және мектептерде сынып сағаттарын өткіземіз, дейді Олег Саяпин.

Соған қарамастан, ереже бұзушылықтар әлі де кездеседі. Компания өкілі самокаттан құлау велосипед немесе ролик сияқты кез келген техникада болатын жағдай екенін атап өтті. Қазіргі нарықта осындай өнімдер көп, ал жаз мезгілі дәстүрлі түрде жарақат алу қаупі жоғары кезең саналады. Балалар әткеншек пен сырғанақтан да құлап қалуы мүмкін. Қуантатыны, ауыр жарақаттар тіркелмеген.

Екі жыл бұрын Павлодарда шамамен 500 самокат қолжетімді болса, көліктер паркі кеңейтілгеннен кейін олардың саны мыңға жетті. Алғашқы маусымда павлодарлықтар самокатпен қызығушылық үшін жүрген болса, қазір оларды көбіне іскерлік мақсатта пайдаланады.

Бірінші жылы көпшілік тек «жүріп көргісі» келді. Қазір сапарлардың басым бөлігі қажеттілікке байланысты жасалады. Тек 10 пайызы серуендеу мен ойын-сауық үшін, ал негізгі бөлігі бір нүктеден екінші нүктеге жету үшін. Қолданушылар арасында курьерлер де бар, себебі бұл олар үшін тиімді. Қосымшада түрлі қызмет пакеттері қолжетімді, деп түсіндірді Олег Саяпин.

Тұрақ аймақтары аялдамалар, қиылыстар және ірі нысандарға жақын орналасқан. Олар жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмейтіндей етіп қойылады және адамдарға ыңғайлы болу үшін жаяу жететін жерде орналасқан.

Бұрын тұрғындар самокаттарды кез келген жерге тастап кететін. Қазір жағдай айтарлықтай жақсарды. Теріс жағдайлар әлі де кездеседі, бірақ әлдеқайда сирек, дейді компания өкілі.

Болашақта самокат қозғалысын одан әрі дамыту және паркті заманауи үлгілермен жаңарту жоспарланып отыр. Олег Саяпиннің ойынша, Павлодар бұл бағытта Қазақстандағы ең мәдениетті қалалардың бірі. Мұнда ыңғайлы қозғалыс үшін веложолдар, тротуарлар мен пандустар жеткілікті.

Екі жыл бұрын Қазақстанда электросамокатпен жүру ережелерін реттейтін «Жол жүрісі туралы» заңға өзгерістер енгізілген. Жаңа талаптарға сәйкес осындай ережелер бар:

  • жол бойында қозғалыс жылдамдығы 25 км/сағ аспауы тиіс;
  • тротуар мен жаяу жүргінші жолында – 6 км/сағ дейін;
  • самокатпен тек бір адам ғана жүре алады;
  • қозғалыс жолдың оң жақ шетімен, соның ішінде автобус жолағымен бір қатарда жүруге рұқсат етіледі.

Алайда бұл жағдайда жүргізушінің жасы 18-ден кем болмауы керек, міндетті түрде шлем, жарық шағылыстырғыш киім кию кажет. Сонымен қатар, кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі болуы тиіс.

Халықаралық сарапшылар микромобильділіктің дамуы жолдағы жалпы жағдайды қауіпсіз ете түсетінін атап өтеді. Алайда бәрі қолданушылардың тәртібіне байланысты. Заңбұзушылық көбейген сайын, талаптар да қатая түсуі мүмкін.

Фото: Олег Саяпин