Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында павлодарлық сарбаздар қоғамдық тәртіпті қадағалайды
Олар қыркүйектің алғашқы күнінде Астанаға аттанады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
5512 әскери бөлімінің күзгі шақырту сарбаздары 8-13 қыркүйек аралығында елордада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін қызмет етуге барады. Жол жүретін әскерилерді шығарып салуға облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктері келді. «НҰР-АНА» әлемі қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова сарбаздарға ақ жол тілеп, батасын берді.
– Ұлттық ұлан сарбаздары, офицерлері, біз әрқашанда сіздермен біргеміз. Елімізде тыныштық болып, сырттан жау, іштен дау кірмесін дейміз. Оның барлығын қорғайтын, сіздер, сарбаздар. Жуырда ғана сіздер ант алдыңыздар, сол анттарыңызды өмір бойы өздеріңізбен бірге сақтап, елімізді, жерімізді қорғайтын азамат болыңыздыр,– деді Бақытжамал Максилова. – Сіздер жол жүрейін деп жатырсыздар, сондықтан ақ жол тілейміз. Аман-есен барып, сіздерді қарсы алуға біз дайынбыз.
Облыстық Аналар кеңесі төрайымының орынбасары Ольга Николашина да жылы сөздер айтып, әскерилерге қызмет атқару жолында сәттілік тіледі.
– Ертең Павлодар гарнизонының өкілдері елордаға барады. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары біздің еліміз үшін үлкен мәртебе. Себебі, осы ойындар аясында 21 спорт түрінен жарыс өтеді, үш мыңнан астам қатысушы, 100-ден астам ел қатысады. Ауқымды шара үш бағытта өтеді: ғылым, спорт, мәдениет. Олар қандай деңгейде өтетіні сіздерге байланысты. Себебі, ең алдымен, бұл тәртіпті қадағалау мен еліміздің бет-бейнесін сақтау сіздің мойындарыңызға жүктеледі,– Ольга Николашина.
Астанаға 5512 әскери бөлімінен тәжірибелі сарбаздар жіберіледі. Бұған дейін олар әлемдік көшбасшылардың қатысуымен ШЫҰ маңызды саммитіне қауіпсіздікті қамтамасыз етуге барған болатын.
– Дайындық бір ай бұрын басталды. Сарбаздармен барлығы ойдағыдай өтіп, қызметті адал атқарады деген сенімдемін. Қоғамдық тәртіпті сақтау – бұл біздің міндетіміз,– деді 5512 әскери бөлім бөлімшесінің командирі Әлібек Қаршығаев.
Этномәдени бірлестіктер сарбаздарға концерт қойып, асханада дәмді дастархан жайды. Айта кетейік, 6679 әскери бөлімінен де сарбаздар іріктеліп, Астанадағы 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жіберіледі. Бұған дейін Аналар кеңесі 6679 әскери бөлімінде болып, сарбаздарға ақ жол тілеген болатын.