Египетке саяхат: Туристік фирма павлодарлық отбасының демалысын бұзды
Алайда мемлекеттік органның көмегімен отбасы сапарға аттанды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Кабдушев мәлім етті.
– Жуырда бүкіл отбасына жолдама алып, демалысын жоспарлаған тұрғын жүгінді. Египетке бару үшін 1,5 миллион теңгесін жұмсаған. Алайда сол жақтағы қонақ үй оларды тіркеуден бас тартқан. Олар жолдама алған туристік фирма қосымша вариант қарастырмай, отбасын орта жолда тастап, қолдау танытпаған, – деді Дәулен Кабдушев.
Отбасының мүшелеріне олардың ақшасын қайтарып береміз деп уәде еткен, алайда қай уақыт аралығында қайтаратыны белгісіз болып шықты.
– Біз оларға шағым толтыруға көмек көрсетіп, қонақ үйді таптық. Отбасы жоспарлаған демалысына сәтті аттанды, – деді ол.
Айта кетейік, былтыр департамент тұтынушылардың 1040 өтінішін қарады. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында келіп түскен өтініштерді талдау кезінде бөлшек саудада және тұрмыстық қызметтерде тұтынушылардың құқықтары жиі бұзылатыны анықталды. Бөлшек сауда саласында барлығы 651 өтініш келіп түсті, бұл өтініштердің жалпы санынан 62,6% құрады, тұрмыстық қызметтер саласында – 171 (16,4%).