Екібастұзда полицейлер ата-аналардан балаларға мотокөлік сатып алмауға шақырды
Жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда ата-аналардың өздері де жауапқа тартылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Екібастұз қаласы полиция басқармасының мәліметінше, велосипед, мотоцикл, скутер жүргізушілерінің қатысуымен жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері жасөспірімдер мен ата-аналарымен профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырды. Жазғы маусымның басынан бастап кәмелетке толмағандардың шағын көліктерді, мопедтер мен скутерлерді басқаруына қатысты 30 бұзушылық анықталды.
– Скутерді басқару үшін А. А1 санатындағы шағын көліктерді басқару құқығы болуы керек және оны 16 жасқа толған азаматтар ала алады. 18 жасқа толмаған балаларға күндізгі уақытта ғана басқаруға болатындығын ұмытпау керек. Жасөспірімдерге сағат 23.00-ден кейін қоғамдық орындарда ата-анасыз жүруге тыйым салынады, – дейді Екібастұз қаласы полиция басқармасы ЖПҚБ бастығының орынбасары Медет Бейсенов.
Сондай-ақ, жастарға жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік туралы айтылды. Бұдан бөлек, оқушылар жол-көлік оқиғаларының статистикасымен танысты. Тәртіп сақшылары балаларға скутер, мопед және велосипед көлік құралдарының ең қорғалмаған түрлері мен кішігірім соқтығысулар, жай құлау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін екенін еске салды. Қосымша қорғаныс құралдарының маңыздылығы атап өтілді. Ал қараңғыда велосипедшілер шағылыстыратын элементтерді қолдануға міндетті.
Аталмыш іс-шара барысында кәмелетке толмаған жүргізушілердің қатысуымен болған ЖКО-ны болдырмау үшін ата-аналарды балаларға мотокөлік сатып алмауға шақырды. Жол қозғалысы ережелерін бұзған жағдайда көлік жүргізген жасөспірім ғана емес, сонымен бірге ата-аналардың өздері де әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Мотоциклді балаға бергені үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.
Қауіпті аймақта жолға шығатын велосипедшілер бар. Олар да жол-көлік оқиғасына ұшырап, жолдардағы апатты жағдайларға себеп болады.
Сондай-ақ, профилактикалық әңгіме барысында тәртіп сақшылары жасөспірімдерге жолдан өту кезінде қырағы болу қажеттігін еске салды.