Екібастұз ЖЭО-да қазандықтарды күрделі жөндеу басталды
Бүгінгі күні қазандық агрегатының тозған элементтерін бөлшектеу аяқталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Екібастұзжылуэнерго» ЖШС мәліметінше, жылумен жабдықтау сапасын жақсарту үшін алдағы 2023-2024 жылдардағы жылыту маусымында станцияда барынша қысқа мерзімде ауқымды жөндеу жұмыстары жоспарланған. Қазіргі таңда негізгі жабдықтың бір бөлігі жөндеуге шығарылды.
– «Берт» ЖШС мердігерлік ұйымы 16 ақпанда №7 энергетикалық қазандық агрегатына күрделі жөндеу жүргізуге кірісті. Қазандық агрегатының тозған элементтері мен қосалқы жабдықтарды бөлшектеу аяқталу сатысында, – деп жазылған хабарламада.
№11,12,13,14,15 су жылыту қазандық агрегаттарына күрделі жөндеу жүргізу бойынша бас мердігер – «САЭМ-Павлодар» ЖШС. Жұмыс бекітілген кестеге сәйкес басталады. Қазіргі уақытта ЖЭО аумағында мердігер персоналын орналастыру үшін үй-жайларды дайындау және қойма үй-жайларын жабдықтар мен материалдарды қабылдауға дайындау жүргізілуде.
Күрделі жөндеудің негізгі бөлігі 2022-2023 жылыту маусымы аяқталғаннан кейін басталады.