Павлодар облысында қанша шақырым жол жөнделеді?

Павлодар облысында қанша шақырым жол жөнделеді?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңір әкімдігінде елді мекендердің автожолдары мен көшелерін жөндеу және салу мәселелері талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кеңесте 2026 жылға арналған жоспарлар қарастырылды.

Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Кашкиров облыстық маңызы бар жолдардың қазіргі жағдайы туралы баяндады. 2026 жылы түрлі деңгейдегі бюджет қаражаты есебінен жергілікті маңызы бар автокөлік жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеу және салу бойынша 31,5 миллиард теңгеге жалпы ұзындығы 332 километр болатын 99 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде 115 шақырым жол қиыршықтас жабынынан асфальтбетон жабынына ауыстырылады.

Облыс әкімі Асайын Байханов жол сапасы тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына тікелей әсер ететінін атап өтті.

– Қысқы кезеңнен кейін жолдардың жағдайын және тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, барлық жұмыстардың уақтылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз ету қажет, – деді өңір басшысы.

Облыстық маңызы бар жолдарда ұзындығы 25,6 шақырым болатын екі жобаға 2,8 миллиард теңге бөлінген. Атап айтқанда, «Майқайың–Екібастұз» жолының 0–23 километр учаскесіне 2,2 миллиард теңгеге орташа жөндеу жүргізілсе, «Панфилов–Бестөбе» жолының 64–71 километр аралығына 581,2 миллион теңге қарастырылған.

Аудандық деңгейде 4,5 миллиард теңгеге жалпы ұзындығы 81 километр болатын тоғыз учаскені жөндеу жоспарланған. Жұмыстар Ақтоғай, Баянауыл, Ертіс және Успен аудандарында жүргізіледі.

Ауылдық елді мекендерге кіреберіс жолдарды жөндеу жалғасуда. 2023–2025 жылдары 297 километр жол жаңартылса, биыл тағы 21 шақырым болатын 17 кіреберіс жол жөнделмек.

Қалалар мен ауылдарда көше жолдарын жаңарту бойынша жалпы ұзындығы 204 километр болатын 71 жоба іске асырылады. Павлодар қаласында Кривенко, Қайырбаев көшелері мен «Авиа қалашық» жолында жұмыстар басталды. Сонымен қатар Каз. Правда көшесі бойымен жаңа жол салу жоспарланып отыр, бұл Ломов және Циолковский көшелеріндегі көлік жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Қамзин көшесін күрделі жөндеу және «Достық» шағын ауданы арқылы трамвай желісін жүргізу көзделген.

Ауылдық жерлерде жалпы ұзындығы 69,3 километр болатын 38 жоба іске асады. Жөндеу жұмыстары бірқатар аудандар мен ауылдарды қамтиды, оның ішінде Железин, Ертіс, Успенка және Шарбақты ауылдарының көшелері бар.

Жолдарды күтіп ұстау үшін наурыз айынан бастап ағымдағы жөндеу басталды. Биыл 147 мың шаршы метр аумақта шұңқырлар жөнделіп, 126 мың метр жарықтар бітеледі. Сонымен қатар 4 мың жол белгісі орнатылып, 10 мың километр жол таңбасы сызылады.

Жоспарланған жұмыстарды орындау үшін өңірде 21 асфальтбетон зауыты, 11 карьер және бір битум өндіру зауыты жұмыс істейді. 2026 жылы 26 мың тонна битум және 570 мың тонна қиыршықтас қажет болады.

Өңір басшысы барлық жобалардың сапасын бақылауды күшейтіп, тұрғындардың өтініштеріне жедел жауап беруді тапсырды. Сонымен қатар Жол активтері сапасының ұлттық орталығымен келісімшарт жасасу жұмыстарын жеделдету қажеттігін атап өтті.

Жыл қорытындысы бойынша жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесін 97%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл өңір тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы қатынасты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.