Павлодарда сутегі қондырғысы салынады

Павлодарда сутегі қондырғысы салынады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол қысқы дизель өндірісін қамтамасыз ететін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Өңір басшысы Асайын Байханов Air Liquide корпорациясы мен «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның бірлескен кәсіпорны – «Эр Ликид Мұнай Тех Газы» ЖШС басшылығымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Павлодар мұнай-химия зауытының (ПМХЗ) базасында салынатын сутегі қондырғысының құрылыс барысын талқылады. Жобаны іске асыру аймақ үшін стратегиялық маңызға ие және қысқы дизель отынын өндіру үшін зауытты сутегімен қамтамасыз етуге бағытталған, – деп атап өтті облыс әкімінің баспасөз қызметі.

1902 жылы құрылған Air Liquide компаниясы өнеркәсіптік газдар өндірісінде әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Бүгінде компания 73 елде жұмыс істейді және Total, ExxonMobil, Shell, BASF, Chevron сияқты ірі энергетикалық корпорациялармен серіктес.

Құны 101,8 миллион еуро болатын жоба «Жасыл дәліз» мемлекеттік бастамасы аясында жүзеге асырылуда. Ол жоғары энергетикалық тиімділік пен шығарындылардың ең төменгі деңгейін қамтамасыз ететін бу риформинг технологиясына негізделген, – деді «Эр Ликид Мұнай Тех Газы» ЖШС бас директоры Орчун Бакыр.

Жобаның ерекшелігі – Air Liquide мамандары әзірлеген бутан-бутилен фракциясынан сутекті алудың инновациялық әдісі – First of Its Kind бірегей технологиясын енгізу. Бұл шешім аймақтағы табиғи газ қорының шектеулі болуына байланысты қабылданды.

Капсула салу рәсімі 2025 жылдың шілде айында Air Liquide тобының вице-президенті Эмили Муран-Ренуардың сапары аясында өтеді. Құрылысты 2026 жылдың IV тоқсанында аяқтау жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру кезеңінде 192 маман жұмыс істейді, ал пайдалануға берілгеннен кейін 25 тұрақты қызметкер қызмет атқарады.

Облыс әкімі жобаның өңірдің өнеркәсіптік дамуы үшін маңыздылығын атап өтіп, инвесторға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.