Екібастұздық жүргізуші есірткі шегіп, көлік тізгіндеді деген күдікке ілінді
Енді ол сот алдында жауап береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Екібастұз қаласының тәртіп сақшылары рейдтік іс-шараның нәтижесінде көлікті мас күйінде жүргізу фактілерінің жолын кесті.
- Мысалы, Б.Момышұлы көшесінде жүргізушісі мас болған ВАЗ 21140 маркалы автомашина тоқтатылды. Кеншілер-Царев көшелерінің қиылысында мас жас жүргізуші Mitsubishi Outlander маркалы автокөлігін тізгіндеген. Сонымен қатар, Daimler Benz маркалы автокөлікті 38 жастағы мас жүргізуші жүргізген. Мас күйінде көлікті жүргізгені үшін барлық құқық бұзушылар жауапқа тартылды. Көлік құралдары мамандандырылған айып тұрағына қойылып, әкімшілік іс жүргізу материалдары сотқа жіберілді, - деді Екібастұз қ.ПБ патрульдік полиция ротасының командирі Болат Мырзалинов.
Сонымен қатар, сағат 02.45 шамасында Б.Момышұлы көшесінде BMW x54 маркалы авто тоқтатылды. Жүргізуші есірткіге мас болған деп болжануда, бірақ ол медициналық тексеруден өтуден бас тартқан. Жүргізушіге қатысты ІІО қызметкерінің белгіленген тәртіпке сәйкес мас күйінде куәландырудан өту туралы заңды талабын орындамағаны үшін хаттама толтырылды. Материал сотқа жіберілді.
Айта кетейік, биыл Павлодар облысының полицейлері көлік құралдарын мас күйінде жүргізген 420 жүргізушінің жолын кесті. Оның 67-сі - Екібастұз өңірінде. Барлық құқық бұзушылар қолданыстағы заңнама шеңберінде жауапқа тартылды.