Павлодарда жұмыскерлерді міндетті сақтандыру мәселелері талқыланды

Павлодарда жұмыскерлерді міндетті сақтандыру мәселелері талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Сақтандыру полисінің болмауы айыппұл салуға әкеп соғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаментінде сақтандыру ұйымдарының өкілдерімен кездесу өтті. Қатысушылар еңбек міндеттерін орындау кезінде болатын жазатайым оқиғалардан жұмыскерлерді міндетті сақтандыру мәселелерін талқылады.

Мамандар атап өткендей, міндетті сақтандыру өндірістегі жазатайым оқиғалар кезінде жұмыскерлерді әлеуметтік және қаржылық қорғаудың негізгі кепілі болып табылады.

– Әрбір жұмыс беруші меншік нысанына және штат санына қарамастан, өз қызметкерлерін сақтандыруды қамтамасыз етуге міндетті. Жұмыскерлерді міндетті сақтандыру шартының болмауы заңнама талаптарын бұзу болып табылады және ҚР ӘҚБтК-нің 230-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады, ол бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде әкімшілік айыппұл салуды көздейді, – деді ведомстводағылар.

Биыл осы бұзушылық үшін жалпы сомасы 9 358 160 теңгеге тоғыз айыппұл салынған.

Кездесу барысында жұмыс берушілер мен сақтандыру компанияларының ынтымақтастығын жақсарту, сондай-ақ еңбекті қорғау саласындағы құқықтық сауаттылықты арттыру, міндетті сақтандыру шарты жоқ тұлғаларды анықтау және жауапкершілікке тарту мәселелері қаралды.