Павлодар ауданында ауыл шаруашылығы жерлеріне конкурс жарияланды

Қатысушылар өтінімде әр гектарға салынатын инвестиция көлемін міндетті түрде көрсетуі қажет, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар ауданының жер қатынастары бөлімінің мәліметінше, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді жалға алу құқығын беру бойынша конкурс 2025 жылдың 2 қыркүйегі күні сағат 15:00-де басталады. Онда жалпы ауданы 1 094,09 гектар жер телімі ұсынылады.
Оның ішінде егістік жердің ауданы – 531,09 гектар, жайылым – 561,8 гектар, ал өзге алқаптар – 1,2 гектар.
Бұл жерлер шаруа немесе фермер қожалығын, сондай-ақ ауыл шаруашылық өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалануға беріледі.
Жер учаскелерінің толық тізбесі жергілікті баспасөз басылымдарында және жергілікті атқарушы органның ресми сайтында жарияланған.
– Конкурсқа қатысуға ниет білдіргендер назар аударыңыздар: өтінімде әрбір лот бойынша 1 гектарға салынатын инвестициялардың болжамды көлемі туралы мәліметтерді нақты көрсету қажет. Егер бұл мәлімет нақты ажыратылмаса, өтініміңіз осы өлшем бойынша қаралмайды, – деді облыстық жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі.
Қосымша ақпарат алу үшін 8 (7182) 22-20-21 телефонына хабарласуға болады.