Павлодар облысында құтқарылған Томми күннен-күнге ширап келеді

Павлодар облысында құтқарылған Томми күннен-күнге ширап келеді
Фото: Аждар Жүсіпов

Орманшылардың қамқорлығындағы елік лағы жақсы жетіліп келеді. Мамандар оның табиғи ортаға оралуына дайындықты бастап кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шілде айының басында павлодарлықтардың қамқорлығының арқасында аман қалған Томми есімді елік лағының оқиғасы жалғасын тапты. Қазір жануар Павлодар орман шаруашылығы мамандарының тұрақты бақылауында. Ол үшін қауіпсіз жағдай жасалып, біртіндеп күш жинап келеді.

Павлодар облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіповтің айтуынша, қазір лақтың жағдайы жақсы.

– Томмидің жағдайы қалыпты. Тәбеті жақсы, сиыр сүтімен қоректенеді, күн сайын ширап келеді. Бір ретте шамамен 100 грамм сүт ішеді. Оған шөп, су және ағаш бұтақтары қойылған қауіпсіз орын дайындалды. Сол жерде өзін жайлы сезінеді әрі жарақат алмайды, – деді мамандар.

Елік лағы күн өткен сайын белсендірек болып келеді. Алғашқы күндері өте үркек болса, қазір шөп арасында емін-еркін жүгіріп, айналаны қызықтап, өз есіміне де үйреніп қалған.

Еске сала кетейік, Томмиді Галкино ауылынан қайтып келе жатқан павлодарлықтар Шарбақты тасжолының бойынан тауып алған. Жолдың қақ ортасында қалған кішкентай елік лағын көлік қағып кетпеуі үшін қауіпсіз жерге шығарып, «109» қызметіне хабар берген.

Кейін оның еркек елік екені анықталды. Құтқарушылардың бірі – Әдел есімді қыздың өтінішімен оған Томми деген ат қойылды. Бүгінде бұл есімді орманшылар ғана емес, оның тағдырына алаңдаған өңір тұрғындары да жақсы біледі.

Егер Томми осылай жақсы жетіле берсе, тамыздың соңы – қыркүйектің басында оны табиғи мекеніне жібереді. Мамандар ол үшін еліктер мекендейтін қауіпсіз орман алқабын таңдамақ.

Аждар Жүсіповтің айтуынша, мұндай жағдайлар орманшылар тәжірибесінде өте сирек кездеседі. Томми – олардың ұзақ жылдардағы тәжірибесінде бағып-қаққан екінші жетім елік лағы. Алғашқы оқиға бірнеше жыл бұрын тіркелген. Сол кезде мамандар үш елік лағын тапқанымен, біреуін аман алып қалу мүмкін болмаған. Қалған екеуі орманшылардың күтімінің арқасында аяққа тұрған.

Айта кетейік, «109» қызметіне жарақат алған немесе қиын жағдайға тап болған жануарларға қатысты хабарламалар жиі түседі. Өткен жылы ғана колл-орталыққа көліктің мотор бөлігіне кіріп кеткен жыландар, үйлерге ұшып кірген жарқанаттар және қыста көлдегі мұз үстінде қалған аққулар туралы бірнеше хабарлама келіп түскен.