«Екібастұз жылу желілері» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізілді

Заңбұзушылықтар анықталып, кәсіпорынға әкімшілік айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында тұтынушының өтініші бойынша «Екібастұз жылу желілері» ЖШС-не сатып алу тәртібінің сақталуына қатысты жоспардан тыс тексеру жүргізілді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыстық департаменті «ВИТМАКС» ЖШС-нің өтінішіне сәйкес, 2025 жылы «Екібастұз жылу желілері» ЖШС өткізген сатып алулардың заңдылығын тексерді.
– Тексеру нәтижесінде Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңының 26-бабының 2-тармағының 18) тармақшасының, табиғи монополия субъектілерінің қызметін жүзеге асыру ережелерінің 129-тармағының 2) тармақшасының, 152, 185-1, 187-тармақтарының талаптарының бұзылуы, атап айтқанда, табиғи монополия субъектісінің сатып алу процедурасын бұзуы анықталды. «Екібастұз жылу желілері» АҚ-ға қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің 164-бабының 4-бөлігіне сәйкес қысқартылған тәртіппен әкімшілік айыппұл салумен әкімшілік іс қозғалды, – деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің баспасөз қызметі.
Яғни табиғи монополия субъектісі сатып алу рәсімінде ашықтықты, техникалық талаптарды белгілеу және ақпаратты жариялау міндеттемелерін сақтамаған.
Сонымен қатар, Департамент өткізілген сатып алу нәтижесінің күшін жою және қайта сатып алуды өткізу туралы ұйғарым енгізді.