Екібастұзда баланы ұрып-соғуына байланысты қылмыстық іс қозғалды

Бүлдіршін жарақаттар мен көгерулер алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Кеншілер шаһарындағы ойын алаңдарының бірінде әйел алты жасар баланы ұрып-соққан. Облыстық бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілі Сәуле Шәкеневаның мәліметі бойынша, ол бала 30 маусымнан бастап үйінің ауласына серуендеуге шықпайды. Бала анасының немесе әкесінің ертіп баруымен, тек білім беру орталығына барып жүреді.
– Себебі ол шабуыл жасай алатын, айқайлап, ұрып-соғып, құлатып жіберуше мұршасы келетін ересектерден қорқады... Және ешкім көмекке келмейді. Ата-аналар бұл оқиға салдарынан соңғы 3-4 жыл ішінде тілін шығару үшін белсенді түрде тырысып жатқан ұлының дамуы кері бағытқа қарай бару мүмкін екеніне алаңдайды, – деді Сәуле Шакенева өзінің Instagram парақшасында.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, ҚР Қылмыстық кодексінің 109-1-бабы екінші бөлігінің сегізінші тармағы «Ұрып-соғу» бойынша қылмыстық іс қозғалған.
– Сот-медициналық сараптаманың нәтижелері әлі дайын емес, – деді қадағалау органы.
Омбудсменнің айтуынша, баланың сол жақ беті, шекесі көгерген және оң жіліншікте жарақат алған.
Еске сала кетейік, тұрғын үйдің ауласындағы ойын алаңында әйелдің басқа балаға дөрекілік танытып, оған айғалап, ұрысып жатқан сәті түсірілген видео әлеуметтік желіде таралды. Кадрларда әйел балаға қол көтеріп, денесін жұлқылап, басынан ұрып жатқаны айқын көрінеді. Полиция әйелдің кәмелетке толмаған балаға дене жарақатын келтіру фактісі бойынша тексеруді бастады.