Павлодар арқылы өтетін тасжолда жүк көліктеріне бақылау күшейтілді

Павлодар арқылы өтетін тасжолда жүк көліктеріне бақылау күшейтілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Елдің негізгі көлік дәліздерінде жүк машиналарының рұқсат етілген салмақтан асып кетпеуі тексеріліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Көлік министрлігінің мәліметінше, ауыр салмақты және ірі көлемді жүк тасымалдайтын көліктерге бақылау күшейтілді. Тексеру жұмыстары Омбы – Павлодар – Семей – Майқапшағай тасжолын да қамтиды.

Сонымен қатар бақылау «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», Астана – Петропавл және Қызылорда – Жезқазған бағыттарында жүргізіліп жатыр.

Министрлік жүк көліктерінің белгіленген салмақ нормаларын сақтауына ерекше назар аударуда. Өйткені шамадан тыс жүктеме жол жабынының тез бұзылуына әкеліп, қозғалыс қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Бұдан бөлек, ведомство Құрылтай депутаттарымен бірлесіп, салмақ нормаларын бұзғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге бағытталған заңнамалық шараларды қарастырып жатыр. Ауыр жүк көліктерін бақылау тетіктерін жетілдіру де жоспарланған.

Көлік министрлігі жолдардың сақталуын қамтамасыз ету үшін тексеру жұмыстарын жалғастырады.