Екібастұздық пәтерінен айырылып қала жаздады

Тұрғын үй комиссиясы оның мемлекеттік баспананы пайдалану құқығын мойындамағанын сот заңсыз деп тапты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық №2 мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының мәліметінше, 2005 жылы жергілікті атқарушы орган отбасыға Екібастұз қаласынан пәтер берген. Алайда, үш жылдан кейін отбасы Астанаға көшіп, аналарын сол пәтерде қалдырған. Әйел осы уақытқа дейін сол үйде тұрып келген.
2013 жылы сот пәтерді иесіз деп танып, оны коммуналдық меншікке өткізген. Ал 2024 жылы тұрғын үй комиссиясы әйелдің тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркелмегенін алға тартып, мемлекеттік тұрғын үйді жалға беру шартын беруден бас тартқан. Осыған байланысты әйел сотқа жүгінді.
Сот жергілікті атқарушы органның 2005 жылы бұл пәтерді отбасына беруін «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан беру деп таныды.
Сондай-ақ, 2008 жылдан бері әйел пәтерді күтіп-ұстау ауыртпалығын өзі көтергені анықталды:
- тұрғын үйді ашық меншікте және тұрақты пайдалануда ұстаған;
- коммуналдық қызмет ақысын төлеп отырған;
- пәтерді тұруға жарамды жағдайда сақтап, жөндеу жұмыстарын жүргізген;
- бұрынғы жалға алушылар қалдырған төлемдерді өтеген.
Соттың тұжырымы бойынша, заңға сәйкес жалға алушының жұбайы, балалары және ата-анасы жалға алынған тұрғын үйге көшуге және оны тең пайдалану құқығына ие. Сонымен қатар, олар жалдау шартынан туындайтын барлық міндеттемелерді орындайды.
Осыған байланысты сот тұрғын үй комиссиясының бас тартуын заңсыз деп тауып, әйелдің пәтерді жалға алу құқығы бар екенін растады.
Сот әйелдің 16 жыл бойы тұрып келе жатқан пәтерін беру әділдік қағидаларына сай келеді деп шешіп, талап-арызды қанағаттандырды.
Сот шешімі заңды күшіне енді.