Ниет пен көмек: Павлодар облысында ең ірі волонтерлік ұйым аталды

Өңірде 28 волонтерлік ұйым және 400-ден астам волонтерлік бастамашыл топ жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы жастар және отбасы бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың айтуынша, былтыр волонтерлік қызметке 50 мыңнан аса тұрғын тартылды.
Оның айтуынша, облыста 28 волонтерлік ұйым және 400-ден астам волонтерлік бастамашыл топ бар. 2024 жылы 10 жаңа волонтерлік ұйым құрылды, ал жылдан жылға қалып, тұрақты түрде волонтерлік қызмет атқаратын бес-алты ұйым бар. Тұрғындар білетін ұйымдарға Қызыл Жарты Ай қоғамының Павлодар филиалы, «Замандас» клубы, «Birgemiz» фронт-кеңсесі, «Жасыл Ел» штабы, Қазақстан студенттер альянсы, Жастар рухы және «Vita» іздестіру жасағы жатады. Соңғысы облыс бойынша ең ірі болып саналады, себебі оған қосылған еріктілер саны көп.
Жалпы волонтерлік қозғалысты жандандыру үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылуда. Мысалы, волонтерлікті дамытуға институционалдық қолдау көрсету жағынан облыстың үш қаласы мен он ауданында жастар ресурстық орталықтарының базасында волонтерлерді қолдау бойынша өңірлік штабтар жұмыс істейді. Олар волонтерлік топтарға, ұйымдарға және жекелеген волонтерлерге ұйымдастырушылық, ақпараттық, ресурстық және кеңес беру көмегін көрсетеді.
– Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында жалпы бес мыңнан аса адамды қамтыған 15-тен астам іс-шара өткізілді. 240 волонтерге арнап тренингтер өткізілді. Оның мақсаты – оларды волонтерлік қызметке тарту, ұстап қалу және олардың жеке дамуын қамтамасыз ету. Бұл – олардың негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру, халықаралық және республикалық волонтерлік гранттарға қол жеткізу тетіктерін үйрету арқылы жүзеге асырылды. Тренингтерге осы саладағы жетекші спикерлер мен мамандар тартылды, – деді Жаннұр Ахметжанова.
Бұдан бөлек, облыстың қалалары мен аудандарынан келген 15 жас қатысқан үш күндік көшпелі «Еріктілер мектебі» ұйымдастырылды.
– Биыл үш күндік көшпелі «Еріктілер мектебін» еркін форматта, табиғат аясында өткізу үшін Жасыбай мекенін қарастырып отырмыз. Жас ерекшеліктеріне шектеу жоқ. Осы клубқа қатысатын адамдардың санын арттыруды мақсат қойып отырмыз. Сол себепті одан да едәуір тапсырыстар түседі деп ойлаймыз, – деді Жаннұр Ахметжанова.
Ал «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында ағаш отырғызу жұмыстары жүргізілді. «Таза бейсенбі» – экологиялық акция шеңберінде Павлодар қаласының Жастар бастамаларын дамыту орталығының волонтерлері «АМАНАТ» партиясының мүшелерімен және «Жасыл Ел» еңбек жасақтарының сарбаздарымен бірлесіп, қарттар үйінің аумағын тазалау жұмыстарына қатысты.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы осыған ұқсас жұмыс 2025 жылы да жалғасуда. Жыл басынан бері акцияға облыс бойынша 100 мыңнан астам тұрғын қатысты, олардың ішінде қалалар мен аудандардың волонтерлері белсенділік танытты.