Павлодар облысында мүмкіндігі шектеулі қанша адам жұмыспен қамтылды?
Өңірде 2024 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша мүгедектігі бар еңбекке қабілетті адамдардың саны 14274 адамды құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарманың басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті.
– Жыл басынан бастап облыстың мансап орталықтарына 1103 мүмкіндігі шектеулі адам жүгінді. Оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына – 124 адам, субсидияланатын жұмыс орындарына – 365 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 20 адам, жастар практикасына – 24 адам, қоғамдық жұмыстарға – 287 адам, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша – бір адам, «Бірінші жұмыс орны» жобасы бойынша – 13 адам, «Күміс жас» жобасы бойынша 20 адам орналастырылды, – дейді басшы.
Спикердің айтуынша, бүгінде 4512 мүгедектігі бар адам немесе 31,6 пайызы жұмыспен қамтылған.
Сондай-ақ, кәсіпкерлік дағдыларын игеру үшін мүмкіндігі шектеулі адамдар «Бастау Бизнес» жобасы бойынша оқудан өтеді. Аталмыш бағыт бойынша 205 адам білім алды. Қысқа мерзімді оқытумен үш мүгедектігі бар адам қамтылды.
– Жұмыссыздарға және өз бетінше жұмыс іздеп жүрген адамдарға жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында бос орындар жәрмеңкелері ұйымдастырылады, – дейді ол.
Айта кетерлігі, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 83 адам грант иегері атанған.