Успендіктер мәдениет үйін жөндеуді сұрады
Бұл туралы облыс әкімі Асайын Байханов аудан тұрғындарымен кездесуі кезінде айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Қозыкеткен ауылына қарасты Ковалев ауылы келесі жылғы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енген болатын. Ауылдың мәдениет үйіне келесі жылы күрделі жөндеу жүргізіле ме? – деп сұрақ қойды ауылдың мәслихат депутаты Әсем Темірболатқызы.
Аудан әкімі Нұрболат Мақашев Қозыкеткен ауылы бойынша жалпы сомасы 280 миллион теңге жобалық құжаттама дайындалғанын мәлім етті.
Облыс әкімі Асайын Байханов Успен ауданы бойынша Қызылағаш ауылы мен Ковалев ауылының мәдениет үйлерін жөндеу керек екенін түсіндіріп, жобалық өтінім өткізген соң бюджеттік мүмкіндікке қарай қарастырылатынын жеткізді. Сондай-ақ бюджеттен екі ауылдың біреуіне нақты қаражат бөліп, облыстық мәдениет басқармасымен бірлесіп, жөндеу жасалатын мәдениет үйін анықтауды тапсырды.
Еске сала кетейік, Қоңырөзек ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Ислам Рысмағамбетов кеңес үкіметі кезінен жөнделмеген Рождественка тас жолына қатысты мәселені көтерген болатын. Аймақ басшысын жобаны 2026 жылдың бюджетіне енгізуді тапсырды.