Екібастұзда инвестициялық қолдаудың сәтті үлгісі көрсетілді
Қала әкімі Аян Бейсекин Жоламан ауылдық округіндегі «КронАгро» шаруашылығына барып қайтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұнда мың гектардан астам алқапта картоп пен сәбіз өсіріледі. Қазіргі уақытта орақ жұмыстары қызу жүріп жатыр. Соңғы үш жыл ішінде шаруашылыққа 12 миллиард теңгеден астам инвестиция салынды, оның басым бөлігі мемлекет тарапынан қолдау ретінде бөлінген.
– Шаруашылықта суару жүйелері орнатылып, 22 мың тоннадан астам өнім сақтайтын екі көкөніс қоймасы салынды. Кәсіпорында жүзден астам адам жұмыс істейді, олардың басым бөлігі жақын маңдағы ауылдардың тұрғындары. Биыл өнім жақсы. Ең басты міндет – суық түскенге дейін жұмыстарды шығынсыз аяқтау. Шаруашылық басшылығымен еңбек процесі мен өткен жылдардағыдай өнімді өңірдің сауда орындарына жеткізу мәселесін талқыладық, – деді Аян Бейсекин.
Жалпы, өңірде дәнді дақылдарды жинау аяқталуға жақын, жеміс-көкөніс өнімдерінің 70 пайызынан астамы жиналды. Барлық шаруашылықтар қажетті ресурстармен, соның ішінде арзандатылған жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген.
Ауыл шаруашылығы науқаны облыс әкімі Асайын Байхановтың жіті бақылауында.