Павлодарда асыл тұқымды жылқылар көрмесі ұйымдастырылды
Қазақстанның түрлі өңірлерінен келген жылқы өсірушілер мен ғалымдардың бірлескен селекциялық жұмыстарының нәтижелері көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда Торайғыров университеті ғалымдарының қатысуымен жылқы шаруашылығында инновацияларды енгізу мәселесі талқыланды.
Май ауданында «Қазақстанның және көршілес мемлекеттердің табын шаруашылығындағы заманауи инновациялық технологиялар» атты диалог алаңы өтті. Шарада Қазақстан мен Ресейдің ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін, ғалымдарды Павлодар облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Батырғожинов қарсы алды.
Пленарлық отырыста Қазақстан мен Ресейдің жетекші ғалымдары өздерінің ғылыми баяндамаларын ұсынды. Алдағы уақытта олардың алдында тұрған міндет – жылқыларды бағалау және таңдау әдістерін жетілдіру. Ғалымдар жаңа тұқымдар жасап, олардан экспортқа шығарылатын жаңа жылқы еті өнімдерін шығарғысы келеді. Әртүрлі климаттық жағдайларда жылқыларды жаюдың жаңа жолдары қарастырылуда.
– Павлодарлық ғалымдар бірнеше жылдан бері Қазақстан жылқы өсірушілер қауымдастығымен бірлесіп жұмыс істеп келеді. Жылқышылар ғылымның саланы дамытуға көмектесетінін түсінеді, сондықтан университеттің өкілдерімен үнемі байланыста, – деді Торайғыров атындағы университет ректоры Нұрлан Ержанов.
Оның сөзінше, бұл жұмыстың тиімділігіне қол жеткізу үшін бизнес пен ғылыми қауымдастық арасындағы ынтымақтастықты жоғалтпау керек.