Павлодардағы аналар қауымы қоғамдағы кеселдердің алдын алу жолдарын талқылады

Павлодардағы аналар қауымы қоғамдағы кеселдердің алдын алу жолдарын талқылады
Фото: Рустэм Әнуарбеков

Семинар әлеуметтік сын-қатерлерге қалай қарсы тұруға және отбасындағы құндылықтарды қалай нығайтуға болатынын ашық талқылау алаңына айналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Қоғамдағы бес әлеуметтік кеселдің алдын алу жолдары»  семинары «Салауатты сана» жобасы аясында өтті. Аналар кеңесінің мүшелері, психологтар, полицейлер мен педагогтар қоғамдағы кеселдердің алдын алу тақырыбын талқылап, тәжірибе алмасты. Арнайы қонақ ретінде Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары аналар кеңестерінің төрайымдары қатысты.

Павлодар облысы аналар кеңесінің төрайымы әрі «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Бақытжамал Максилованың айтуынша, профилактикалық жұмыс жүйелі тәсілді және мектептер мен балабақшалармен тығыз байланысты талап етеді.

– Біз 45 мектеппен меморандум жасап, бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Біз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге атсалысудамыз. Жобаларды жүзеге асырып, семинарлар ұйымдастырамыз. Мұндай форматтағы шара төртінші рет өтіп отыр, бұл жолы басқа өңірлерден әріптестерді шақырдық. Лудомания, нашақорлық, зиянды әдеттердің алдын алу мәселелерін талқылап, ересектермен де жұмыс істейміз, – деді Бақытжамал Максилова.

Республикалық «Салауатты сана» жобасы аясында өңірде Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Аналар кеңесінің мектебі» авторлық жобасы бар. Павлодар облысы полиция департаменті жанындағы қылмыстың алдын алу жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Гүлмира Шұғабаева екі жыл бұрын басталған ауқымды жұмыстың нәтижелерімен бөлісті.

Оның айтуынша, қоғам бүгінде нашақорлық пен лудоманиядан бастап тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қаржылық сауатсыздыққа дейінгі жаңа сын-қатерлерге тап болып отыр. Бұл ретте аналар қауымдастығының рөлі арта түскен.

– Қазір біз жай бақылаушы емеспіз, азаматтық қоғамның белсенді институтына айналдық. Ортақ мақсатымыз – балалар үшін қауіпсіз болашақ қалыптастыру. Жобамыз өңірдегі әскери бөлімдерден басталды. Кеше ғана мектеп бітірген жас сарбаздар қарулы күштерге келгенде үлкен психологиялық қысымға тап болады. Тәжірибе көрсеткендей, «аналар десанты» – моральдық қолдау мен тәрбиенің қуатты құралы. Біз дәрістер мен тренингтер өткізіп, тәртіп пен бағыныштылықтың тек әскери талап емес, ұлттық дәстүрдегі үлкенге құрметтің көрінісі екенін түсіндірдік. Сарбаз артында бүкіл ел аналарының қолдауы тұрғанын сезінсе, оның қызметке де, әріптестеріне де көзқарасы түбегейлі өзгереді, – деді Гүлмира Шұғабаева.

Жоба Қазақстан қарулы күштерінің екі мыңнан астам әскери қызметкерін қамтыды. 2024 жылы «Салауатты сана» жобасының өңірлік кезеңі іске қосылды.

– Бұл кезеңнің басты ұраны – ысырапшылдық қоғам дамуына төнген қауіп. Неліктен қаржылық сауаттылыққа мән бердік? Себебі ақшаға деген көзқарас ең алдымен отбасында қалыптасады. Қазір несиеге тәуелділік, қымбат тойларды қарызға өткізу секілді алаңдатарлық үрдістер бар. Бұл өз кезегінде қарызға батуға, күйзеліске, отбасылық жанжалдар мен ажырасуға әкеледі. Жоба аясында мектептерді қамтып, минимализм үрдісін, «no buy» 2025 идеясын түсіндіріп, үнемшілдікке шақырып жатырмыз, – деді Гүлмира Шұғабаева.

Соған қарамастан, есірткі қылмысы өзекті мәселе болып қала береді. Бірлескен жұмыс аналардың «жұмсақ күшін» құқықтық тетіктермен ұштастыруға мүмкіндік берді. Қауіпсіздік стратегиясы үш бағытқа негізделген: қорғау – интернеттегі «жеңіл табыс» тәуекелдерін ескерту, жауапкершілік – заңдарды кеңінен түсіндіру, диалог – ақпараттық гигиена ұғымын қалыптастыру.

Отбасылармен жұмысқа да ерекше көңіл бөлінуде. Павлодардағы отбасыны қолдау орталығының басшысы Гүлнәр Нұржанова да бұл бастамаға қосылды.

Оның айтуынша, жұмыс үш бағытта жүргізіледі: жасөспірімдермен жұмыс, ата-аналармен байланыс және мектептерде жүйелі профилактика – кездесулер мен ашық диалогтар арқылы жүзеге асады.

– Орталық бір жылдан астам уақыт бұрын ашылды. Біз өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдармен жұмыс істейміз. «Салауатты сана» жобасы аясында жүйелі көмек көрсетілуде. Мұнда өзін іздеп жүрген балалар мен оларға қалай көмектесерін білмейтін ата-аналар туралы сөз болып отыр. Ортақ міндетіміз – уақытты өткізіп алмау. Әр отбасының өз тарихы бар. Мәселелердің бірі – ойынға тәуелділік. Бірақ гаджеттермен емес, бала мен ата-ана арасындағы байланысты нығайту арқылы күресу маңызды, – деді Гүлнәр Нұржанова.

Шығыс Қазақстан облысы аналар кеңесінің төрайымы Майра Бейсеканова павлодарлық әріптестеріне ашықтығы мен тәжірибе алмасуға дайын болғаны үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да ынтымақтастық жалғасатынын жеткізді.

Диалог көрсеткендей, әлеуметтік тәуекелдердің алдын алу тек отбасы, мектеп және мемлекет күш біріктіргенде ғана нәтижелі болады. Аналар қауымдастығы дер кезінде қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар беретін маңызды буынға айналып, болашақ ұрпақ үшін қауіпсіз орта қалыптастыруға үлес қосып келеді.