Екібастұзда жылыту маусымына дайындық қалай өтуде?
Барлық жұмыстар облыс әкімінің жеке бақылауында, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, биыл Екібастұз жылу-электр орталығының №5, 9, 12, 15 қазандық агрегаттарына жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
– Жылыту маусымына алты қазандық агрегаты толық дайын, олар қаланы жылумен жабдықтаудың нормативтік өлшемдерімен қамтамасыз ету үшін жеткілікті болып табылады. Тағы 2 қазандық қондырғысы қазан айының ортасына және екеуі қараша мен желтоқсан айының басында дайын болады, – деп жазды Аян Бейсекин өзінің Instagram парақшасында.
Гидравликалық сынақтар нәтижесінде анықталған 200-ден астам проблемалық учаске жөнделді.
– 1-ші және 3-ші жылу магистральдерінде құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталуда, содан кейін жуу мен гидравликалық сынақтарға кірісетін боламыз, – деп атап өтті қала әкімі.
Сонымен қатар, жазғы кезеңде көпқабатты тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарды дайындау жұмыстары белсенді түрде жүргізілді. Қазіргі уақытта үйлердің басым бөлігінің және барлық әлеуметтік нысандардың дайындық актілері бар.
Жедел жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін материалдардың нормативтік көлемі дайындалды, олар алдағы жылыту маусымынан толық дайындықпен өтуге мүмкіндік береді.