Екібастұзда 20 шақырымға жуық жылу желісі жаңартылады
Қаладағы тозу деңгейі 78 пайыздан асатын жылу жүйесін жаңғырту жұмыстары облыс әкімінің бақылауына алынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы Асайын Байханов жұмыс сапары барысында Екібастұз қаласының алдағы жылыту маусымына дайындығын және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларының жүзеге асырылу барысын тексерді.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаиповтың мәліметінше, облыста «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2026-2027 жылдарға арналған жалпы құны 113,5 миллиард теңгені құрайтын 53 жоба қалыптастырылған.
Биыл өңірде жалпы ұзындығы 94,2 шақырым болатын жылу және электр желілерін қайта жаңғыртуға бағытталған 16 жоба іске асырылуда. Олардың жалпы құны 21,6 миллиард теңгені құрайды.
Қаладағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 468,19 шақырым болса, олардың тозу деңгейі 78 пайыздан асады. Осыған байланысты 2023 жылдан бері жүйені кезең-кезеңімен жаңарту бағдарламасы жүзеге асырылып келеді.
– Екібастұз үшін тұрақты жылумен жабдықтау мәселесі сөзсіз басымдық болып қала береді. Сондықтан барлық жұмыстар сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуы тиіс, – деді Асайын Байханов.

Қазіргі уақытта ұлттық жоба аясында қалада жалпы ұзындығы 4,2 шақырым болатын төрт жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі ЖМ-16 жылу магистраліндегі құрылыс барысымен танысты. Мұнда ескі құбырлар мен темірбетон конструкцияларын бөлшектеу және жаңа материалдарды жеткізу жұмыстары жүргізілуде.
Осындай жобалар ЖМ-5 және ЖМ-10 магистральдарында да іске асырылуда. Ал ЖМ-11 желісінде дайындық кезеңі басталған. Жобалар аяқталғаннан кейін ондаған көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың жылумен қамтылу сенімділігі артады.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Майқайың – Екібастұз автожолын жөндеу жұмыстарының барысын да тексерді. Ұзындығы 22,6 шақырым болатын жобаның құны 2,4 миллиард теңгені құрайды. Қазір мұндағы жұмыстардың 53 пайызы орындалған.
Облыс әкімінің айтуынша, коммуналдық және жол инфрақұрылымындағы барлық жобалар белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы тиіс. Жөндеу жұмыстарының барысы тұрақты бақылауда болады.