Павлодарда бұрын «Самал» орталығы орналасқан ғимарат жаңа мақсатта пайдаланылмақ
Нысан жөндеуден кейін төрт бағыт бойынша қызмет көрсетіп, күніне 100 адамға дейін қабылдай алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған мемлекеттік күндізгі болу орталығындағы жөндеу жұмыстарымен танысты.
Павлодар қаласы әкімінің орынбасары Светлана Гладышеваның айтуынша, ғимарат қала әкімдігінің мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімінің теңгерімінде тұр. 1982 жылы салынған нысанның құрылыс аумағы үш мың шаршы метрді құрайды. Ғимараттың жалпы ауданы – 1 248 шаршы метр. Мұнда 132 бөлме бар.

Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін орталықта 18 жастан асқан адамдарға арналған төрт бөлімше ашу жоспарланып отыр. Оның екеуі психоневрологиялық аурулары бар ерлер мен әйелдерге жеке-жеке қызмет көрсетсе, қалған екеуі тірек-қимыл аппараты бұзылған ерлер мен әйелдерге арналған.
Нысанның болашағына қатысты тұрғындар мен қоғам белсенділері арасында көптеген сұрақ туындаған. Осыған байланысты облыс әкімі Асайын Байханов бұған дейін ғимараттың сенімгерлік басқаруда болғанын, кейін «Самал» оңалту орталығы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында қызмет көрсеткенін атап өтті.

Павлодар қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілі Гүлбарам Белялеваның түсіндіруінше, «Самал» орталығымен келісім жасалған кезде мекеме 18 жасқа дейінгі балаларға да, психоневрологиялық аурулары бар кәмелетке толған адамдарға да қызмет көрсеткен.
– Алайда арнаулы әлеуметтік қызметтерді міндетті лицензиялау талабы енгізілгеннен кейін орталықтың бұл бағыттағы қызметін жалғастыруына мүмкіндік болмаған. Бұған қоса, мекеменің кадрлық қамтамасыз етілуі мен ғимаратты пайдалану тәртібіне қатысты мәселелер де туындады. Жартылай стационар жағдайында қызмет алушылардың күндізгі уақытта төрт сағаттан 10 сағатқа дейін болуы қарастырылған, – деп түсіндірді Гүлбарам Белялева.

Облыс әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, орталық күндізгі стационар режимінде жұмыс істеуге тиіс болғанымен, балалар мен ересектерді түнге қалдырған. Бұл белгіленген талаптарға қайшы келген.
– Ата-аналар маған балаларын орталықта тәулік бойы қалдыруға неге болмайтынын сұрап жүгінді. Бірақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында мұндай қызмет көрсету мүмкін емес. Әлеуметтік мекеме өзіне заңнамада көзделмеген жауапкершілікті ала алмайды, – деді облыс әкімі.
Светлана Гладышеваның айтуынша, ғимаратты бұзу туралы мәселе қарастырылмаған. Нысан апатты деп танылмаған, ал қазіргі уақытта демонтаж жұмыстарының 90 пайызы аяқталған.
Мердігер жылу жүйесін жөндеуге кіріскен. Қажет болған жағдайда радиаторлар ауыстырылады. Сонымен қатар, 22 әйнекті жаңарту жоспарланған.

Мамандар ғимаратқа техникалық тексеру жүргізген. Жөндеу барысында мүмкіндігі шектеулі адамдардың ғимарат ішінде кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасауға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта есік ойықтары кеңейтіліп, екінші қабатта еден құю жұмыстары басталған.
Облыс әкімі ғимараттың бұған дейінгі жағдайына да тоқталды. Оның сөзінше, өткен жылдары нысанда тек ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 2019 жылы шатыры ғана ауыстырылған.
– Барлық жұмысты сапалы орындаңыздар. Ертең ғимарат пайдалануға берілгеннен кейін қиындықтар туындамауы керек, – деп тапсырды Асайын Байханов.
Жаңа орталықтың толыққанды жұмыс істеуі үшін 69 маман тарту жоспарланып отыр. Олардың қатарында психиатр дәрігер, оңалту дәрігері, тәрбиешілер, әлеуметтік қызметкерлер және басқа да бейінді мамандар бар.
Сондай-ақ, қызмет алушыларға оңалтудың толық кешенін ұсыну үшін қажетті жабдықтар сатып алынады. Медициналық және оңалту жабдықтарын алу жеке мемлекеттік сатып алу рәсімі арқылы жүзеге асырылады.

Орталықтың аумағын абаттандыруға қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жауапты болады. Қазір қажетті мамандарды жұмысқа қабылдау басталған. Сонымен қатар, мекеменің басшысын таңдау мәселесі қарастырылып жатыр.
Светлана Гладышеваның мәліметінше, жөндеу жұмыстарын желтоқсан айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ғимарат дайын болғаннан кейін орталық лицензия алу рәсіміне кіріседі. Бұл үдеріс белгілі бір уақытты қажет етеді.
Жоспар бойынша, орталықты 2027 жылдың наурыз айының соңына қарай іске қосу көзделіп отыр. Мекеме толық жұмысын бастаған кезде күніне 100 адамға дейін қабылдап, психоневрологиялық аурулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған ересектерге күндізгі уақытта оңалту қызметтерін ұсынатын болады.