Павлодарлық өнерпаздар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында концерт қояды
Салтанатты іс-шарада белгілі тұлғалардың шығармалары орындалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы 9 қыркүйек күні Алматы, Шымкент қалалары және Шығыс Қазақстан облысы өнерпаздарымен бірге концерттік бағдарлама ұсынады. Бұл туралы облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасында мәлім етті.
Павлодар облысынан аталған концерттік бағдарламаға Рүстембек Омаров атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрі, «RUH» ethno-mix ансамблі, дәстүрлі әншілер – Сәуле Мүсіпова, Гүлназ Қыздарбекова, Жанболат Байсолтан, Салтанат Қисатова, Жанель Қисатова, Тәттімбет Жасқайратұлы, классикалық орындаушылар – Сара Садығұлова, Алмас Мұқатай, Алижан Қазбеков, эстрадалық әншілер – Серік Рысбек, Мадияр Бахтияров, Жібек Айтбаева, «Samiyan» вокалдық тобы және «Нұр» би ансамблі өнер көрсетеді.
Концерттік бағдарламада қасиетті Ертіс-Баян өңірінен шыққан Жаяу Мұса, Естай Беркімбайұлы, Майра Шамсутдинова, Мұзафар Әлімбаев секілді белгілі тұлғалардың шығармалары орындалатын болады.
Айтыс бағыты бойынша Мизан Жұмали және Нұрбек Бәкірұлы қатысады.
Еске сала кетейік, Ж. Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының актерлары «Сырға салу» дәстүрі көрсетеді. Рәсімге 13 актер қатысады. Көрініс ұзақтығы – 12 минут.