Павлодардағы 2-ЖЭО және 3-ЖЭО-да жөндеу жұмыстары жоспарланған

Олар наурыз айында басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«ОАЭК» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Орал мен оның орынбасары Олег Перфилов Павлодардағы 2-ЖЭО-ға сапары барысында «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ станцияларындағы жылыту маусымының өту барысымен танысып, компания басшылығымен негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу мәселелерін талқылады.
– Биыл 2-ЖЭО және 3-ЖЭО-да 4 қазандық агрегаты мен 2 турбоагрегатты күрделі жөндеу, 2 қазандық агрегаты мен 1 турбоагрегатты кеңейтілген ағымдағы жөндеуден өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, 3-ЖЭО-дағы №1 түтін мұржасына кеңейтілген ағымдағы жөндеу жүргізіледі, – деді «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ бас директоры Олег Щемель.
Станцияларда жөндеу наурыз айында, жылыту маусымы аяқталғанға дейін басталады. Күрделі жөндеуге 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО-дағы бір-бір қазандық агрегаты шығарылмақ. Маусымаралық кезеңде негізгі жабдықтарды, станциялардың ғимараттары мен құрылыстарын, қасбеттерін, душ бөлмелері мен санитарлық тораптарын жөндеу жоспарланған.
Сапар барысында «ОАЭК» АҚ басшылары «Солтүстік қалалық» қосалқы станциясына да барды. Айта кетсек, 2024 жылы іске қосылған бұл қосалқы станция Павлодардың солтүстік-шығыс бөлігіндегі тұтынушыларды сапалы электрмен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп, жаңа нысандарды электр желісіне қосу үшін қосымша қуат көздерін ұсыну арқылы қаланың инфрақұрылымдық дамуына жол ашты.