Павлодарлықтар жыл соңына дейін Астанаға қандай ұшақпен ұшатыны белгілі болды
Маршрут субсидияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлықтар елордаға «SCAT» ұшақтарымен ұшатын болады. Әуе компаниясы рейске қызмет көрсету құқығына конкурс бойынша ие болды. Нәтижелер Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Азаматтық авиация комитетінде жарияланды.
«Qazaq Air» АҚ да бұл бағыт бойынша конкурсқа қатысқан болатын. Бірақ компанияның өтінімі авиа қызметкерлеріне сақтандыру полисін бермегендіктен қабылданбады.
«SCAT» рейске жыл соңына дейін қызмет көрсетеді, осы кезеңге республикалық бюджеттен субсидиялар бөлінді.
Ұшақ аптасына төрт рет – дүйсенбі, сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері ұшатын болады. Бір жаққа билеттің бағасы өзгеріссіз қалды – 10 мың теңге.
Еске салайық, павлодарлықтар кестеде мамыр айына арналған рейстер табылмай, ұшақтар Астанаға ұшуын тоқтатады деп алаңдаған болатын.
Фото: ашық дереккөздерден