Павлодарлық орманшылар жабайы жануарларға жылына үш тонна тұз салады

Павлодарлық орманшылар жабайы жануарларға жылына үш тонна тұз салады
Фото: «Ертіс орманы» резерваты

Бір салғанда бір астауға төрт-бес келіден кетеді, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Ертіс орманы» резерватының аңшылықтанушылары биотехникалық іс-шаралар жоспарына сәйкес тұз салу жұмыстарын жүргізуде. Қорық аумағында 68 тұз салатын астау бар. Жабайы аңдар мен жануарларға арнайы тұз сатып алынады. Жылына үш тоннаға жуық салынады. 

– Жабайы жануарларды минералды азықтандыру – ең тиімді әрі қарапайым шара. Тұз барлық жануарларға қажет, бірақ оған деген қажеттілік әртүрлі: әсіресе тұяқтылар қажет етеді, өйткені, олар тұтынатын минералдың 60%-ы мүйіздерінің қалыптастуына кетеді, бірақ жыртқыш жануарлар да тұз салынған астауларға келеді, – дейді Шалдай шаруашылық филиалының аңшылықтанушысы Жасқайрат Қайкен. 

Маманның айтуынша, әсіресе бұғылар мен еліктер үшін мұндай азықтандырудың маңызы зор. Шөпқоректі жануарлар тек мүк, бұтақтар, жидектер, шөптер және саңырауқұлақтармен қоректенеді. Мұндай тағамның құрамында қажетті микроэлементтердің барлық кешені болмайды, ал тұз натрий, кальций, магний, фосфор сияқты минералдарға бай.

Бұғылардың аталықтарына мүйіздерінің өсуі үшін, ал аналықтарға төлдерінің мықты болуы үшін тұз қажет. Әсіресе көктем мен жазда  тұзға қажеттіліктер арта түседі. Бұл ас қорыту жылдамдығына және терморегуляцияның қарқындылығына байланысты, себебі, жазда жоғары, ал қыста  тыныштық кезеңі болады.