Павлодарда бейнероликтер байқауының жеңімпаздары анықталды

Байқауға 14-35 жас аралығындағы жастар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шараның мақсаты – жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, еріктілік қызметке қызығушылықты ояту және әлеуметтік бастамаларды бейнеформатта көрсету, жастар мен волонтерлердің бастамаларын дамыту, әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асыру арқылы қоғамға үлес қосу. Олар бір-үш минуттық авторлық бейнероликтер ұсынып, волонтерлік қызметтің маңызын, нақты оқиғалар мен жеке тәжірибелерін көрсетті.
– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Осындай байқаулар арқылы олардың бойындағы шығармашылық пен жауапкершілікті оятып, белсенді өмірлік ұстанымды қалыптастыруға болады. Бұл – болашаққа салынған инвестиция, – дейді «Салауатты өмір салтын қолдайтын жастар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Диас Сағитов.
Жобалар үш бағыт бойынша қаралды. 14-20 жас аралығында Нұрлыбек Торғаев, Әлия Сайлаубек, Әлібек Жүнісбеков, 21-27 жас аралығында Рахат Жолдыбаев, Айдана Шақырман, Владислава Дейч, 28-35 жас аралығында Динара Аманжолова, Любовь Кондратьева, Нұрбек Балтабеков жеңімпаз атанды. Оларға стабилизатор, микрофон мен шеңберлі шам табыс етілді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау жастарға өзін-өзі танытуға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және қоғамға пайдалы іспен айналысуға шабыт береді. Бұл – жастардың креативтілігін арттырып қана қоймай, оларды қоғам мәселелеріне бейжай қарамауға үйрететін маңызды қадам. Сондай-ақ әлеуметтік, құқықтық және экологиялық бағыттарда нақты жобаларды іске асыруға жол ашады.
Жастар авторлық бейнероликтер арқылы еріктілік құндылықтарын насихаттап, өз шығармашылықтарын шыңдады. Мұндай жобалар өскелең ұрпақтың жауапкершілігін, азаматтық ұстанымын және белсенділігін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.