Асайын Байханов сенбілікке шыққан тұрғындарға алғысын білдірді

Өңір тұрғындары бір адамдай сенбілікке шықты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысында өңірдің барлық қалалары мен аудандарын қамтыған ауқымды санитарлық тазарту және көгалдандыру сенбілігі өтті.
Таңертеңнен жүздеген қала тұрғыны облыс орталығындағы Усолка көпірінің жанына жиналды. Спорт клубтарының, жастар ұйымдарының өкілдері, депутаттар, ардагерлер мен белсенділер - қаланы тазарту және көркейту үшін көшеге шықты.
Көгалдандыруға ерекше назар аударылды. Екібастұзда «Б. Нұржанов атындағы Екібастұз МАЭС-1» ЖШС және «Екібастұз МАЭС-2 станциясы» АҚ-ның ұжымдарымен бірлесіп 600-ден астам терек, қайың және шырша ағаштары отырғызылды. Әрбір көшет қалалардың айналасындағы жасыл белдеуді қалыптастыру бойынша ауқымды жобаға қосқан үлес болды.
Белсенді тұрғындар сенбілікке қосылып, өз аулаларын абаттандырды. Өңір басшысы Екібастұз қаласындағы М. Жүсіп көшесі, 147 үйдің тұрғындарымен кездесіп, қаланы абаттандыру және демалыс аймақтарын жасау бойынша бастамаларды талқылады.
- Қалаларымызды абаттандыруға қосқан үлесі үшін әрбір жанға алғысымды айтамын. Сіздердің арқаларыңызда көшелер, аулалар, саябақтар мен алаңдар тазарып әрі көркейе түсуде, - деп атап өтті Асайын Байханов.
Еске сала кетсек, бүгін Усолка шағын ауданында плоггинг форматында санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.