Биыл Павлодар ауданының шаруасы күнбағыспен эксперимент жасайды

Ол жерге егілген тұқымдардан ең жарамды мен үздігін анықтағысы келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар ауданына барған жұмыс сапары барысында көктемгі дала жұмыстарының барысын тексерді.
Ағымдағы жылы Павлодар ауданының егістік алаңы 118 260 гектарды құрайды, оның ішінде 87 189 гектар жаздық егіс.
– Дәнді дақылдар бойынша жұмыстар ішінара қалды, олардың жалпы ауданы 34 752 гектар, майлы дақылдар 31 777 гектар, ал жемшөп 43 364 гектарды құрады. Биыл картоп егу алаңы 300 гектарға ұлғайтылып, 5306 гектарды алып жатыр, – деп баяндады аудан әкімі Дидар Ибраев.
Көктемгі дала жұмыстары аясында шаруалар 2, 2 миллиард теңге сомаға мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етілді. Бүгінгі таңда 32 өтінім бойынша барлық сома төленді. Сондай-ақ, 11 146 тонна минералды тыңайтқыштар сатып алынды, бұл жоспарлы көрсеткіштен 3 пайызға артық. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің өтінімдері бойынша 2117 тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Қазіргі таңда өтінімнің 100 пайызы берілді, 90 пайызы төленді. Дидар Ибраевтың сөзінше, 2025 жылы Бюллер тракторлары, Қытай қозғалтқыштарын қолданатын K-700 негізіндегі тракторлар, «Маэстро» егіс кешендері, жаңа культиваторлар және тағы да басқа техника сатып алынды.
Баяндамадан кейін Асайын Байханов «Набережное» ЖШС алқаптарындағы егіс жұмыстарымен танысты. 25 жастағы Алғыр Сальменбаев қожалықтың үшінші ұрпағы ретінде аталарының еңбегін жалғастырып келеді. Оның иелігінде 28 мың гектар алқап бар. Оның жартысына күнбағыс, қалған жартысына бидай егеді.
– Биылғы жылы егіс жақсы өтті, барлығын уақытылы тәмамдадық. 30 сәуірде бастап, 30 мамырда аяқтадық. Сізге, Үкіметке, «Кең дала-2» сияқты қолдау шаралары үшін көп рахмет айтқым келді. Биылғы жылы біздің шаруашылық үшін қаржыландыру өте үлкен рөл атқарды, – деп алғысын білдірді облыс әкіміне Алғыр Сальменбаев.
Шаруаның сөзінше, биыл алқапта күнбағыс тұқымының шамамен 14 түрі егіледі. Олар трибенурон-метил белсенді затына негізделген жүйесі бойынша өсіріледі. Бұл технология күнбағыс дақылына зиян келтірместен арамшөптердің кең ауқымын бақылауға мүмкіндік береді. Тұқымдар 5-6 сантиметр тереңдікте, ылғалға себілді.
– Өзімізге де қызық. Бірінші жыл оларды егудеміз. Гибридтердің қайсысы біздің жерімізге қолайлы болатынын анықтаймыз. Түрік, неміс, серб және мен қытай тұқымдарынан не шығатынын көргіміз келеді, – деді Алғыр Сальменбаев.
Айта кетейік, аудан бойынша қазіргі уақытта көктемгі егіс жұмыстары 96 пайызға аяқталды.