Елдегі елеулі оқиғаларды әнмен жеткізетін өнерпаздар Павлодарға келеді

Айтыскер ақындар көрерменге ән, әзіл, терме және ой салатын сөзді тоғыстырған рухани кеш әзірледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан Павлодарда өтетін шығармашылық кешінің мазмұны мен мақсатын айтып берді. Олардың айтуынша, бұл концерт дәстүрлі айтыс формасынан бөлек, түрлі жанрларды тоғыстырып, отбасылық және рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталады.
– Бұл жолы біз тек айтыс емес, өзге де өнер түрлерін көрсетеміз. Айтыскер болу – тек суырып салмалық емес, ол әншілік, орындаушылық және сахналық шеберлікті де талап етеді. Сол қасиеттердің барлығын көрерменге жеке-жеке таныстыруға тырысамыз, – дейді Жандарбек Бұлғақов.
Оның айтуынша, концерттің негізгі ерекшелігі – қоғамдағы өзекті мәселелер мен отбасылық тәрбиеге арналған тақырыптардың әртүрлі көркемдік формада берілуі.
– Біз соңғы жылдары ел ішінде көрерменнің талғамының өзгергенін байқадық. Халық әзіл мен даңғаза емес, ой саларлық, тәрбиелік мәні бар рухани дүниені іздейді. Сол себепті шығармашылық топ елдің әр өңірін аралап, халыққа терме мен жыр арқылы рухани азық ұсынуды мақсат етіп отыр, – дейді ол.
Ақынның сөзінше, бұл жоба алғаш Батыс Қазақстан аймағынан бастау алған. Себебі, сол сол өңірде концертке деген сұраныс жоғары болды. Енді Орталық және Солтүстік Қазақстан қалаларында жалғасуда. Павлодарға айтыс пен түрлі мәдени іс-шаралар үшін бірнеше рет келген ақындар, шығармашылық кеш өткізуге алғаш рет келмек.
Бұған дейін кей концерттерінде қайырымдылық бағытында бастамалар болғанымен, бұл жолы мұндай элементтер болмайды.
– Қазір қоғамда қайырымдылық қорларына деген сенім төмендеді. Сол себепті бұл жолы ондай дүние қоспадық. Алайда болашақта сенімді қорлармен бірлесіп жұмыс істеу жоспарда бар, – деп атап өтті айтыскер.
Ақынның айтуынша, бұл концерт айтысты тастау емес, керісінше оның жаңа қырын көрсету тәсілі.
– Әнмен, сатирамен, юмормен қоғамдағы мәселені жеткізу – айтыстың өз ішінен туған бағыт. Ринат Зайытов пен Балғынбек Имашев ағаларымыз да осы тәсілді көп қолданған. Сондықтан бұл – айтыстың жаңа тынысы, – деді Жандарбек Бұлғақов.
Айтыскерлердің «Жан-Сырым» атты шығармашылық концерті Павлодарда 15 қазанға жоспарланған. Кеш көрерменге дәстүрлі өнер мен заманауи сахналық форматты үйлестіре ұсынбақ.