Мария Мудряк «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды

Мария Мудряк «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атанды
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Биыл опера әншісінің шығармашылығы мен кәсіби мансабына 28 жыл толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Италияға іссапары барысында, опера әншісі Мария Мудрякқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» мемлекеттік марапатын табыстады.

Джузеппе Верди атындағы Милан консерваториясының түлегі Мария Мудряк бүгінде әлемнің жетекші опера сахналарында өнер көрсетіп жүр. Ол халықаралық мамандардың бағалауы бойынша, әлемнің үздік он сопраносының қатарына енген.

– Мен үшін өз Отаным – Қазақстанның марапатқа лайық санағаны – үлкен құрмет. Президентімізге шексіз алғыс айтамын. Бұл – менің өмірімдегі маңызды оқиғалардың бірі. Мен небәрі 9 жасымда, Италияға оқуға аттанарда белгілі қиындықтар болды. Сол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы Сыртқы істер министрі қызметін атқарып жүріп, бұл мәселенің шешімін тауып берген еді, – деді Мария марапаттау рәсімінде.

Мария Қазақстанды әлемнің ең ірі опера сахналарында зор мақтанышпен таныстырып жүргенін және алдағы уақытта да ел игілігі үшін аянбай қызмет ететінін айтты.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Римге сапары барысында италиялық мәдени ұйымдардың өкілдерімен де кездесті. Министр Қазақстан мен Италия арасындағы байланыс барлық бағытта дамып келе жатқанын және мәдени ынтымақтастық екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызды бөлігіне айналғанын атап өтті.

– Қазір екі ел арасындағы мәдени байланыстардың қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Бұл үрдіс өзара құрметті күшейтіп, ұлттық дәстүрлерге деген қызығушылықты арттырады. Мемлекеттеріміздің Президенттері атап өткендей, біздің ортақ міндетіміз – мәдениет саласындағы байланысты түрлі бағытта тереңдету. Біз италиялықтарға қазақ мәдениетін жақын таныстыру мақсатында бірнеше іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Мен министр ретінде өзара ынтымақтастықтың әрі қарай жемісті жалғасуына ерекше мән беремін, – деді Аида Балаева.

Министрдің айтуынша, 24–26 қараша аралығында Италияда «Қазақ киносының күндері» өтеді. Онда отандық киногерлердің жаңа туындылары мен классикалық фильмдері көрсетіледі.

Италиялық әріптестермен өткен кездесу барысында креативті индустрия, зергерлік өнер, кино және анимация салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды. Бірлескен жұмыстың маңызды бағыттарының бірі ретінде сәулет өнеріне де ерекше назар аударылды.