Ертіс орманында туристерге кәдесыйлар жасауда
Ол үшін әртүрлі материалдар қолданылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Ертіс орманы» резерваты баспасөз қызметіне жауапты маман Арайлым Атыгаеваның айтуынша, туризм бөлімінің мамандары Бауыржан Хамитов, Әлия Вакпаева, Мария Кондратьева, Амангелді Бегімов ағаштың бетіне күйдіріп суреттер салып, эпоксидті шайыр мен гипс арқылы әртүрлі кәдесыйлар жасауда.
– Мұндай қолөнер бұйымдары әдемі және көрнекті, экологиялық таза, табиғи көрінеді. Бұл іс биыл қолға алынды. Облыстық, аудандық және халықаралық көрмелерде көрсетіледі. Әзірге сатылымда жоқ. Көрмелерде сатылады, – дейді Арайлым Атыгаева.
Мамандар мұндай кәдесыйлар арқылы адамзатқа айналаны айналаны қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ой салуға, табиғаттың керемет көріністерін бейнелеуге тырысқан.
Биылғы жылдың бірінші тоқсанында мектеп орманшылығында ағашпен жұмыс істеу, кәдесыйлар дайындау бойынша шеберлік сағаттарын өткізу жоспарланған.
Мұндай іс-шараларды өткізудің мақсаты – жас ұрпақтың бойында табиғи және импровизацияланған материалдармен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, шығармашылық ойлауды дамыту.