Павлодар облысында мемлекеттік гранттардың жаңа траншы бөлінеді

Павлодар облысында мемлекеттік гранттардың жаңа траншы бөлінеді
Фото: https://www.pexels.com/Gabriel Puyén

Мемлекет тарапынан көрсетілетін бұл қолдау шарасы кәсіп бастамақ болған азаматтарға өз ісін ашуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары биыл өңір тұрғындарына 400 айлық есептік көрсеткіш (1,6 миллион теңге) көлемінде 406 грант қарастырылғанын атап өтті. Соның ішінде 220 грант үлестірілді. Қалған бөлігі тамыз айында беріледі.

Мұндай гранттарды өңірдің әлеуметтік осал топтарына жататын және жеке кәсіп бастағысы келетін азаматтар тек бір рет ала алады.

– Көбінесе мемлекеттік көмек технологиялық құрал-жабдықтар мен құрал-жабдық сатып алуға, мал шаруашылығын дамытуға, ғимарат жалдауға жұмсалады, – деді басқармада. – Сирек жағдайда құс, көшет, бұта, тұқым алуға пайдаланылады.

Мәселен, Павлодар ауданының Заря ауылындағы көпбалалы отбасы грантқа бие мен құлын, сауу аппаратын сатып алып, қымыз бен саумал сатуды бастаған. Ал Железин ауданындағы Башмачное ауылында атаулы әлеуметтік көмек алушы әйел маникюр кабинетін ашып, қажетті жабдық сатып алып, клиенттерге қызмет көрсете бастаған.

Басқарма мамандарының айтуынша, грантқа үміткер электрондық-цифрлық қолтаңбамен бекітілген электрондық өтініш тапсыруы керек. Жүйе автоматты түрде азаматтың әлеуметтік осал топқа жататынын және «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерінен өткенін тексереді.

Осыдан кейін комиссия бизнес-жобаны қарап, оның бәсекеге қабілеттілігін, өткізу нарығын зерттеу деңгейін, қаржылық тұрақтылығын және жаңа жұмыс орындарының ашылуын бағалайды.

Критерийлер бойынша жоғары ұпай жинаған үміткерлер комиссия шешімімен мемлекеттік грант алады.

– Грант тұтынушылық мақсатқа, несие өтеуге, тұрғын үй немесе жер телімін сатып алуға, сондай-ақ акциздік өнім шығаруға берілмейді, – деп нақтылады басқарма өкілдері.

Егер грант иесі ақшаның мақсатты жұмсалғанын дәлелдей алмаса, үш ай ішінде ерікті түрде толық көлемде қайтаруға өтініш беруі керек. Әйтпесе қаражат сот арқылы өндіріліп алынады. Мәселен, былтыр 30 адам гранттың мақсатты жұмсалуын растай алмаған. Оның төртеуі ақшаны өз еркімен қайтарды, қалғанынан қаражатты сот арқылы өндіру көзделіп отыр.