Павлодарлықтарға Құрбан айт мерекесінде қосымша демалыс күні берілмейді
Мерекелік күнтізбеге өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі Құрбан айт мерекесіне байланысты 17 маусымда қосымша демалыс күні болмайтынын мәлім етті. ҚР Еңбек кодексінің 84-бабына сәйкес мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айттың бірінші күні демалыс күні болып табылады.
Министрлік жыл сайын өндірістік күнтізбені қалыптастырады, онда Қазақстан Республикасында алдағы жылға арналған мереке және демалыс күндері белгіленеді. 2024 жылға арналған мерекелік күнтізбені қалыптастыру кезінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2023 жылғы 17 қазанда ресми хат жолдаған болатын, онда 2024 жылы Құрбан айттың бірінші күні 17 маусымға түсетіні, бірақ жаңа айдың көрінуіне байланысты ауысуы мүмкін екендігін хабарлаған.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2024 жылы Құрбан айттың бірінші күні 16 маусымға келетінін хабарлады. Бұл жексенбі демалыс күнімен тұспа-тұс келгендіктен, 17 маусымда қосымша демалыс болмайды, – деді министрлікте.
Еске сала кетейік, «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға сәйкес демалыс күндеріне түсетін мереке күндері ғана ауыстырылуға жатады.