Ертістегі өрт: аман қалған балалардың жағдайы белгілі болды

Ертістегі өрт: аман қалған балалардың жағдайы белгілі болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қайғылы оқиғадан кейін ауруханаға жеткізілген екі баланың денсаулық жағдайы туралы соңғы мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 қаңтар күні сағат 8:40 пен 8:50 аралығында Ертіс аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне өрттен зардап шеккен төрт бала жеткізілді. Өкінішке қарай, 2018 және 2021 жылы туған екі бала иіс тиіп, денесін ауыр күйік шалуы салдарынан ес-түссіз күйде көз жұмды. Дәрігерлердің жасаған реанимациялық шаралары нәтиже бермеді.

– Ал зардап шеккен екі ересек бала сағат 14:40-та медициналық авиацияның екі бригадасымен Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. 2010 жылғы баланың денесінің 1-2 пайызын күйік шалған, сондай-ақ қол басының кесілген жарақаттары бар. Қазіргі уақытта жағдайы тұрақты, ол травматология бөлімшесіне жатқызылды. 2015 жылғы жеткіншектің жағдайы өте ауыр және тұрақсыз деп бағалануда. Ол күйік шогы жағдайында жансақтау бөліміне орналастырылды. Денесінің 46 пайызын күйік шалған, сонымен қатар тыныс алу жолдары зақымдалған, – деді мамандар.

Қазіргі уақытта пациент жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, оған қарқынды терапия мен реанимациялық көмек көрсетілуде. 

Зардап шеккен балаларға медициналық көмек көрсету барысын жеке бақылауға алу үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы балалар ауруханасына арнайы барды.