Павлодарда өрт сөндірушілер жанып жатқан үйден екі газ баллонын алып шықты
Тілсіз жаудың шығу себебі анықталуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
— Бүгін түнде яғни 18 қыркүйек күні 112 пультіне Достық көшесіндегі жеке тұрғын үйден өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті. Төтеншеліктер келген бойда ағаш шатыр мен жапсарлас құрылысты сөндіруге кірісті. Жалын жалпы аумағы 20 шаршы метр болатын жерді шарпыған, — делінген хабарламада.
Құтқарушылар үйден сыйымдылығы 50 литр болатын екі газ баллонын алып шықты. Осылайша ықтимал жарылу қаупінің алдын алды.
Оқыс оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Жалын толығымен ауыздықталды. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.