Ертіс ауылында жеке тұрғын үй өртеніп, екі бала көз жұмды

Ертіс ауылында жеке тұрғын үй өртеніп, екі бала көз жұмды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Құтқарылған басқа екі бала тірі қалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Сағат 08:33-те облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің «101» қызметі операторының пультіне Ертіс ауылында орналасқан жеке тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама келіп түсті.

Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына 3 минут ішінде, сағат 08:36-да жетті. Мамандар келгенде тұрғын үй толығымен отқа оранған болатын. Үй ішіндегі заттар, жиһаз бен шатыр жанып, ғимаратты қою түтін басқан.

Қиын жағдайға қарамастан, өрт сөндірушілер алғашқы минуттардан бастап адамдарды іздеуге кірісті. Нәтижесінде өрт орнынан үш бала құтқарылып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Өрт сөндірушілер келгенге дейін тағы бір бала өзі үйден шыққан. Алайда, өкінішке орай, екі кәмелетке толмаған бала ауруханада көз жұмды.

Өрт 50 шаршы метр аумақта толығымен сөндірілді. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталуда.

Павлодар облысы ТЖД тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, балаларды қараусыз қалдырмауға, электр сымдары мен жылыту құрылғыларының жарамдылығын үнемі бақылауға шақырады. Сондай-ақ, тұрғын үйлерде қауіпті жағдай туралы дер кезінде ескертіп, адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін автономды өрт хабарлағыштарын орнату қажеттігін ескертеді.