Ертіс ауданында оқушылар мектеп ауласын гүлге толы баққа айналдырмақ
«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында аудандағы Ш.Уәлиханов атындағы мектепте көгалдандыру бағыты белсенді дамып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жоба экологиялық бастамалардың нақты іске айналуының жарқын үлгісіне айналған.

Мектеп оқушылары ата-аналарымен бірлесіп көшет өсіруге белсенді қатысып, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруда. Жұмыс отбасылық мердігерлік қағидасы негізінде ұйымдастырылып, білім ордасы мен отбасы арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етіп отыр.
– Әрбір отбасы өз үлесін қосып, мектеп базасында гүлдер мен көкөніс көшеттерін өсіруде. Олардың қатарында петуния, астра, барқытгүл, цинния, арыстанауыз, космея, лобелия сияқты гүлдер, сондай-ақ қызанақ, баклажан және бұрыш көкөністері бар, – дейді мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы Мария Тоқсанова.

Өсірілген өнімнің бір бөлігін балаларға қалдырып, олардың еңбекке деген қызығушылығы мен ынтасын арттыруға бағытталса, екінші бөлігі мектеп аумағын көгалдандыруға, гүлзарларды безендіруге және абаттандыру жұмыстарына пайдаланылады.
Соның нәтижесінде мектеп ауласы жылдан жылға көркейіп, жасыл желекке бөленіп, көрікті әрі жайлы ортаға айналуда.

Жоба тек аумақты абаттандырумен шектелмей, оқушылардың жауапкершілігін, еңбекқорлығын және экологиялық мәдениетін қалыптастыруға зор үлес қосып отыр.
Осылайша, «Таза Қазақстан» бастамасы мектеп, отбасы және қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы таза әрі жасыл болашаққа бағытталған нақты нәтижелерге жол ашуда.