Ертіс ауданында бес мыңға жуық ағаш отырғызылуда

Көгалдандыру іс-шаралары тек бюджет есебінен ғана емес, сондай-ақ демеушілердің көмегімен де қаржыландырылып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс ауданының экономиканың нақты секторы бөлімі басшысының м.а. Ағлан Сағитовтың мәлімдеуінше, аудандағы елді мекендерді абаттандыруға биыл 23 миллион 970 мың теңге қарастырылған. Қаржы көше шамдарын ауыстыруға, жасыл желектер отырғызып күтіп-баптауға, жол белгілерін жаңартуға, балалар ойын алаңдарын жөндеуге, ағаштар мен жарықтандыру тіректерін әктеуге, гүлзарлар бөлуге, ескерткіштерді сырлауға және саябақтар мен рекреациялық аймақтарды күтіп ұстауға жұмсалуда.
– Аудан бойынша 2021–2025 жылдарға арналған Өңірлік даму жоспарына сәйкес, 2025 жылы 4 760 ағаш отырғызу жоспарланған. Соның ішінде көктемде 1 905 түп ағаш егілді. Отырғызу жұмыстары саябақтарда, мектеп аулаларында, ауылдардың шеткі аумақтарында және ауылдық округтердің аумақтарында жүргізілді. Күзгі маусымда көгалдандыру жалғасатын болады, – деді бөлім басшысы.
Көгалдандыру іс-шаралары тек бюджет есебінен ғана емес, сондай-ақ демеушілердің көмегімен де қаржыландырылып отыр. Жасыл желектерді күтіп-баптау жұмыстарына ауыл әкімдіктерінің қызметкерлері мен «Жасыл ел» жастар жасағы тартылуда.
Санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды жақсарту мақсатында сенбілік шаралар қорытындысында 1 796 тонна қоқыс шығарылған.
Ауданның көшелері, саябақтары, скверлері мен қоғамдық аумақтары тазартылып, абаттандырылды.
Ағлан Сағитов Ертіс ауданында абаттандыру және санитарлық тазалау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табатынын атап өтті. Экологиялық ахуалды жақсарту, көгалдандыру және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жаңа бастамалар қолға алынбақ.