Павлодарлық орманшылар оқушыларға қызықты экскурсия ұйымдастырды

Павлодарлық орманшылар оқушыларға қызықты экскурсия ұйымдастырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шарбақты ауданының №2 орта мектебінің оқушылары орман шаруашылығы әлеміне қызықты саяхат жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Экскурсия барысында балалар орманшылардың жұмысы және авиациялық орман қорғау жұмыстарымен танысты, орман өрт сөндіру бекеті мен питомникте болып, өрт сөндіру құралдарын қолданып көрді. Оларға орман шаруашылығы мамандарының жұмысы қаншалықты маңызды және жауапты екені айтылды.

– Экскурсияның мақсаты – балаларға орманды қорғау және қалпына келтіру жүйесінің іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін көрсету, табиғатты қорғауға байланысты кәсіптермен таныстыру, қоршаған ортаға жеке жауапкершілік туралы түсінік қалыптастыру, – дейді орманшылар.

Мұндай экологиялық экскурсиялар білімдерін толықтырып қана қоймайды, сонымен қатар балалардың табиғатқа деген саналы болуына септігін тигізіп, болашақта ұқыптылыққа, жауапкершілікке баулиды.