Павлодар облысында қоқыс шығаратын орындар көбейеді

@Pavlodarnews.kz тілшісі толып жатқан полигондардағы қалдықтардың қайда кететінін білді.
Экология департаменті жыл сайын заңсыз қоқыс үйінділеріне бірнеше рет рейд жүргізуде. Биыл облыс әкімдігі, полиция және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар экологтармен бірге полигондарды тексеруге кірісті.
«Қазақстан Ғарыш Сапары» компаниясының ғарыштық мониторингінің арқасында өткен жылы 205 рұқсат етілмеген үйінділер анықталды. Олар бір жылдың ішінде жойылып, қайта пайда болды. Биыл облыс бойынша үйінділердің саны 290-ға жетті: жүзден астамы - қалада, қалғаны аудандарда орналасқан.
– Әдетте мұндай полигондарға қоқысты жеке ұйымдар, үй салып жатқан немесе жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан адамдар апарады. Негізінде, қоқыс шығару үшін көлікті жалдайды, ал олар қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға апарғысы келмей, жай далаға төгіп тастайды, – деп түсіндірді Павлодар облысының экология департаменті басшысының орынбасары Ахмет Сыздықов.
Қаладағы ең ірі қоқыс үйіндісі – Суворов зиратының жанында орналасқан. Экологтар осы қоқыс жиналған орынмен үш жылдан бері күресіп жатыр.
– Өткен жылы бұл аумақ ішінара тазартылды, бірақ мұнда қоқыс қайта-қайта пайда болады. Жоюдың пайдасы жоқ, – деп атап өтті спикер.
Ал «АМАNАТ» партиясының экологиялық қоғамдық кеңесінің мүшелері тәртіп бұзушыларды іздестіру жұмыстарын жеңілдету үшін қаржы жұмсауды ұсынып отыр.
– Менің ойымша, мұндай полигондар қоқысты заңды үйінділерге әкелу үшін ақша төлеу керек болғандықтан пайда болады. Ал Суворов зиратының маңы сияқты жерлер қалаға жақын әрі тегін. Біз бірнеше бейнекамера орнатуды ұсынамыз. Бұл жерге қоқыс әкелетін көліктерді нақты анықтап, оларды біраз уақыт бақылап, үлкен айыппұлмен жазалау қажет, – деді Александр Вервекин.
Павлодардағы дәл осындай үлкен қоқыс үйінділерді Шарбақты көпірінің жанындағы Кіші айналма жолы маңында, сондай-ақ, Успен көпірінің жанында кездестіруге болады.
Облыс бойынша төрт санцияланған полигон бар: Павлодардағы қалалық қоқыс үйіндісі, Екібастұзда, Ақсуда және Баянауылда.
– Әр полигонның өзіндік жобалық қуаты бар. Полигон толып кетсе, осы жерді қалпына келтіру керек. Әкімдік қоқыс жинайтын жаңа алаңның орнын анықтап, тіркеуі керек. Биыл Баянауыл ауылында, Майқайың елді мекенінде, Ертіс пен Тереңкөлде төрт жаңа полигон салу жоспарлануда. Жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптамадан өткен. Әкімдік Экология министрлігіне өтініш жолдап, жауабын күтіп отыр, – деп бөлісті Ахмет Сыздықов.
Қазір экологтар аудандардағы қоқыс орындарында құжаттардың бар-жоғын және қалдықтарды сақтау әдістерін тексеріп жатыр. Келесі ашық рейд Тереңкөл ауданында өтеді.