Ақсуда Ертіс маңындағы дақтарға қарамастан ауызсу қауіпсіз деп танылды

Ақсуда Ертіс маңындағы дақтарға қарамастан ауызсу қауіпсіз деп танылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Әлеуметтік желілерде тараған ақпараттан кейін мамандар су сапасын тексеріп, тұрғындарға түсініктеме берді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Павлодар-Водоканал» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде Ақсу қаласындағы Ертістің жылы ағысы маңында майлы дақтар пайда болғаны туралы ақпарат тарады.

– Осыған байланысты «Павлодар-Водоканал» ЖШС зертханасы ауыз суынан жедел сынама алып, зерттеу жүргізді. Нәтижесінде судың сапасы қолданыстағы санитарлық нормалар мен талаптарға толық сәйкес келетіні анықталды. Нормативтік көрсеткіштерден ешқандай ауытқу тіркелмеген, – делінген хабарламада.

Мамандардың айтуынша, тұрғындардың алаңдауына негіз жоқ, ауызсу тұтынуға қауіпсіз.

Сондай-ақ кәсіпорында су сапасына бақылау тәулік бойы үздіксіз жүргізілетіні айтылды. Аккредиттелген зертхана химиялық және бактериологиялық көрсеткіштер бойынша тұрақты мониторинг жасап, су тазарту, сүзу және залалсыздандыру жұмыстары жүйелі түрде орындалып келеді.